Теннис: италиялық Янник Синнер Уимблдонда қатарынан екінші рет чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Италиялық теннисші Янник Синнер Уимблдон турнирінде қатарынан екінші рет жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BBC.
Жексенбі күні, 12 шілдеде Лондондағы Бүкіланглиялық көгалдағы теннис және крокет клубының корттарында ерлер арасындағы жекелей сындағы финалдық кездесу өтті. Чемпиондық атақ үшін әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер мен Германия өкілі Александр Зверев бақ сынасты.
Матч 3 сағат 46 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Синнер 15 эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді және бес брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды. Ал Зверев 17 эйс орындап, екі қос қателік жіберді.
Кездесу 6:7 (7:9), 7:6 (7:2), 6:3, 6:4 есебімен Синнердің пайдасына аяқталды. Осылайша, италиялық теннисші қарсыласымен болған жеке кездесулердегі есепті 11:4-ке жеткізді. Ол Зверевті 2024 жылы Цинциннатидегі турнирден бері қатарынан оныншы рет жеңіп отыр.
24 жастағы Янник Синнер әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Бұл – оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі бесінші чемпиондық атағы. Бұған дейін ол Аустралияның ашық чемпионатында (2024, 2025), АҚШ-тың ашық чемпионатында (2024) және Уимблдонда (2025, 2026) жеңіске жеткен.
Сонымен қатар оның еншісінде ATP турнирлеріндегі 29 чемпиондық атақ бар. Оның ішінде Қорытынды ATP турниріндегі екі жеңісі (2024, 2025) де бар. Италия құрамасының сапында Синнер Дэвис кубогын екі рет (2023, 2024) жеңіп алған.
29 жастағы Александр Зверев қазір ATP рейтингінде үшінші орында тұр. Алайда Уимблдон аяқталғаннан кейін ол екінші орынға көтеріледі.
Маусым айында германиялық теннисші мансабында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанып, «Ролан Гарроста» топ жарған еді.
Оның еншісінде ATP аясындағы жекелей сындағы 25 чемпиондық атақ бар. Соның ішінде Қорытынды ATP турниріндегі екі жеңісі (2018, 2021) және 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының алтын медалі бар.
Айта кетейік, Уимблдон турнирінде қарсыласын ойсырата ұтқан Заңғар Нұрланұлы үшінші айналымға шыққанын жаздық.