Теннис: Қазақстан құрамасы Германиямен өтетін матчқа дайындалып жатыр

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қос команданың ойыншылары негізінен елордаға келіп, жаттығуға кірісті.
Ұлттық теннис орталығындағы топырақ төсенішіндегі кортты бірінші болып Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Жібек Құламбаева байқап көрді.
Қазақстан ұлттық құрамасының (капитаны Ярослава Шведова) тағы бір мүшесі Зарина Дияс астанаға бүгін түнде ұшып келіп, ертең қатарға қосылады.
Германия құрамасының капитаны Райнер Шюттлер әлемнің 17-ракеткасы Анжелика Кербер бастаған теннисшілерге сенім артты. Германия намысын сондай-ақ Юле Нимайер, Лаура Зигемунд және Анна-Лена Фридзам қорғайды. Андреа Петкович жарақатына байланысты келген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Португалиядағы супер турнирдің финалисі атанғанын, Қазақстанның бірінші ракеткасы әлемдік рейтингіде көтерілгенін жазған болатынбыз.