Теннис: Кукушкин мен Зарина Дияс Цинциннати турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Зарина Дияс Цинциннати (АҚШ) турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстары мен Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы М.Кукушкин бастапқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 176-орындағы америкалық Джек Сокпен күш сынасты.

Екі сағаттан астам уақытқа созылып, тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 70-ракеткасы, бұрынғы отандасы, ресейлік Андрей Рублевпен шеберлік байқасады.

Іріктеу сынына қатысқан тағы бір қазақстандық, әлемнің 71-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 283-сатыдағы америкалық Джеффри Джон Волфтан 3:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.

Жүлде қоры 6,7 млн АҚШ долларынан асатын Цинцинати мастерс жарысына әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бастаған мықты теннисшілер қатысады.

Әйелдер арасындағы Цинциннати турнирінде рейтингте 79-орындағы Зарина Дияс іріктеу сайыстарының финалына шықты. Ол іріктеу сайыстарының төртінші, әлемнің 44-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченкованы 6:1, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді. Зарина енді іріктеу сайыстарының тоғызыншы, әлемнің 55-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуланы ұтса, негізгі турнирге өтеді.

Д.Пегула осының алдында Вашингтон турнирінде З.Диясты сүріндірген италиялық Камила Джорджидің финалда мысын басып, жеңімпаз атанған болатын.

Цинциннатиде тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарының 14-інші, әлемнің 63-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 482-орындағы америкалық Бетани Маттек-Сандсқа 3:6, 2:6 есебімен есе жіберді.

Жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын, 18 тамызда мәреге жететін Цинциннатидің негізгі турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы – 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің жеңімпазы, әлемнің 82-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенко.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Монреаль турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар