Теннис: Қытайдың Шэньчжэнь турнирінде З.Дияс пен Я.Шведова ойнайды

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемнің 52-інші, Қазақстанның бірінші ракеткасы З.Дияс бірінші айналымда қытайлық Чжан Кайлиньмен шеберлік байқасады. Ал іріктеу сайыстарында жеңімпаз атанып, негізгі турнирге қосылған әлемнің 67-інші ракеткасы Я.Шведова эстониялық Анетт Контавейтпен кортқа шығады.
Жүлде қоры 426 750 АҚШ долларын құрайтын Шэньчжэнь турнирі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Бастапқы екі жылда қытайлық Ли На жеңімпаз атанса, өткен жылы румыниялық Симона Халеп үздік шыққан еді. Бірақ ол биыл чемпиондық атағын қорғауға қатыспайды. Есесіне әлемнің бесінші және алтыншы ракеткалары, поляк қызы Агнешка Радваньска, чехиялық Петра Квитова сияқты жұлдыздар баршылық.
Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 77-інші ракеткасы Юлия Путинцева Окленд (Жаңа Зеландия, жүлде қоры - 226 750 АҚШ доллары) турнирінде алғашқы айналымда жаңазеландиялық Марина Эраковичпен кездеседі.
Екі жарыс та 9 қаңтар күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, Зарина Дияс өткен жылы Шэньчжэнь турнирінде хорватиялық Донна Векич пен венгриялық Тимя Бабошты ұтып, ширек финалда аса тартысты матчта қытайлық Чжэн Сайсайға жол берген болатын.