Теннис: Путинцева Римде Италия ашық чемпионатының жартылай финалына шыға алмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Римде Италия ашық чемпионатының жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Рейтингте 30-орында тұрған Ю.Путинцева ширек финалда әлемнің екінші, осы доданың 1-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен кездесті.

Юлия биыл 25-ке толса, кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған румыниялық теннисші одан үш жасқа үлкен еді.

Бұған дейін қарсыластардың жолы бір-ақ рет тоқайласқан-ды. Биыл қаңтарда Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымында С.Халеп 6:1, 6:4 есебімен ұтқан болатын.

Қазақстандық теннисші матчты жаман бастаған жоқ. Бірінші партияда есеп 1:1 болған кезде қос бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмады. Бұдан кейін румыниялық спортшы күш алып, 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Екінші сетте есеп 0:2 болғаннан кейін өзін жайсыз сезінген Ю.Путинцева бәсекені жалғастырудан бас тартты. Ол осының алдында да медициналық көмекке жүгінген еді.

Сөйтіп Юлия Симонадан қарымта қайтара алмады.

С.Халеп финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, биылғы US Open турнирінің финалисі, Беларусь өкілі Виктория Азаренко немесе рейтингте 17-сатыдағы испаниялық Гарбинье Мугурусаның біреуімен таласады.

Жалпы, Ю.Путинцева коронавирус індетіне байланысты орын алған үзілістен кейін табысты өнер көрсетуде. US Open турнирінің ширек финалына дейін жетіп, 425 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Рейтингте 35-тен 30-сатыға көтерілген Юлия Италия ашық чемпионатының да ширек финалына дейін жетіп отыр. Өткен жылы ол екінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Юлия Путинцеваның Рим турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар