ТЕННИС: З.Дияс Австралия ашық чемпионатындағы алғашқы кездесуін У.Радваньскамен өткізеді
Екі апта бойы бүкіл әлем көз тігетін аталмыш біріншілікке Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс өз өмірінде тұңғыш рет мықты теннисшілердің қатарында, 31-інші болып сынға түседі. Сол себепті Заринаға рейтингісі төмен ойыншылардың бірі тап келді. Атап айтқанда, 21 жасар қазақ қызы іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 149-ыншы орында тұрған, Польша елінің намысын қорғайтын Урсула Радваньскамен кортқа шығады. Бұл теннисшінің тегі айтып тұрғанындай, ол - әлемнің алтыншы ракеткасы Агнешканың туған сіңлісі. Сондықтан оның да апасынан қалмай, келесі айналымға шығу үшін барын салары анық.
З.Дияс екінші айналымға шықса, онда словакиялық Анна Шмидлова немесе оңтүстікафрикалық Шанель Схеперстің біреуімен кездеседі. Ал үшінші айналымда ресейлік Мария Шарапова алдынан шығуы әбден ықтимал. Қазір әлемдік рейтингте екінші орында тұрған М.Шарапова осы турнирді ұтып, алдағы уақытта атышулы американдық Серена Уильямсты басып озып, көш бастауды мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде мамандар М.Шарапованың Австралия біріншілігіндегі алғашқы қарсыластарын қиналмай ұтатынын айтып, сәуегейлік жасауда.
Дегенмен әлем чемпионатымен тең ірі жарыста рейтингісі төмен теннисшілер жоғары тұрғандарды жеңіп, айды аспанға шығарып жатады. Сондықтан өткен жылғы Австралияның ашық чемпионатында үшінші айналымға дейін жеткен З.Диястың да сол табысынан асып түсуге тырысатыны анық. Заринамен қатар дүйсенбі күні Қазақстанның екінші, әлемнің 66-ыншы ракеткасы Ярослава Шведова дүниежүзілік рейтингте 16-ыншы орында тұрған чехиялық Люси Шафаржовамен, ал Сиднейдегі халықаралық турнирде финалға дейін жетіп, 51-інші сатыға көтерілген Михаил Кукушкин тунис жігіті Мәлік Жазиримен шеберлік байқасады. Жарыстың екінші күні тағы бір қазақстандық Андрей Голубев фин Яркко Ниеминенмен күш сынасады.
Айта кетейік, жылдың алғашқы ірі жарысының жүлде қоры - 14,398 млн. АҚШ доллары.