Теннис: Зарина Дияс әлемнің 47-інші ракеткасын ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық Зарина Дияс теннистен Илклей (Ilkley, Ұлыбритания) ITF турнирінде беташар кездесуін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде белгілі болғанындай, Зарина әлемдік рейтингте 47-інші орында тұрған, осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген франциялық Осеан Доденмен күш сынасты. Бірінші партияны франциялық теннисші 6:2 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші партияда З.Дияс 6:4 есебімен басым түсті. Үшінші, шешуші партия барысында Зарина ұтылып жатып, жеңіске деген жігері мен шеберлігін көрсете білді. Сөйтіп тай-брейкте 7:3 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 103-інші ракеткасы, бельгиялық Алисон ван Эйтванкпен күш сынасады. Зарина онымен бұрын да кездескен, сондықтан біршама сыралғы қарсылас деуге болады.
Еске сала кетейік, өткен аптада Зарина Дияс Манчестер турнирінің жеңімпазы атанып, соның нәтижесінде дүниежүзілік рейтингте 133-інші сатыға көтерілген болатын.