Теннистен Дэвис кубогі: Аргентинамен матчта Тимофей Скатов екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Росарио қаласында Дэвис кубогі іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Аргентина матчы жалғасуда.

теннис
Фото: ҚТФ

Жарыстың екінші күні жұптық сында Александр Недовесов – Дмитрий Попко аргентиналықтар Максимо Гонсалес – Андрес Мольтенимен кортқа бірінші болып шықты.
Аргентиналық дуэт бір-біріне әбден үйлескен теннисшілер еді. Сондықтан олардың фаворит болып саналуы заңды болатын.

Соған қарамастан, бірінші партияда қазақстандық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3). 

Екінші сет қарсыластардың брейк алмасуымен басталды. Содан кейін қазақстандықтар тағы бір брейк жасап, алға шықты – 3:1. Алайда аргентиналық жұп таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті жеңіспен аяқтады – 6:4.

Олар шешуші, үшінші партияда да 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:0. 

Екі сағат 40 минутқа созылған тартыста бәсекеде Недовесов – Попко 2 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Гонсалес – Мольтени 2 эйспен бірге 6 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді. 

Осылайша, матчта Аргентина 2:1 есебімен алға шықты. 

Бұдан кейін дүниежүзілік рейтингіде 278-орында тұрған Тимофей Скатов пен әлемнің 22-ракеткасы Франсиско Серундоломен шеберлік байқасты.

Бірінші партияны қарқынды бастаған корт иесі 3:0 есебімен алға кетті. Есеп 5:3 болып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Тай-брейкте Скатов айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).

Екінші сетте қазақстандық теннисші есепті 4:1-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, Серундоло қайыра брейк жасап кетті. Дегенмен Скатов брейкпен нүкте қойды – 6:4.
Екі сағат 2 минутқа созылған матчта Скатов 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Серундоло 3 эйс, 2 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.

Осылайша, Тимофей Скатов ерлік жасап, Қазақстан – Аргентина матчында қос бірдей азулы қарсыласын жеңіп, таразы басын қайта теңестірді.
Есеп – 2:2. Матч тағдыры бесінші кездесуде шешіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогінде Қазақстан – Аргентина матчында Тимофей Скатов есепті теңестіргенін жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Александр Бублик екінші рет Монпелье турнирінің жеңімпазы атанды. 



Соңғы жаңалықтар