Теннистен жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында Германиямен ойнайды

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Германиямен матч бүгін елорда уақытымен шамамен 15.00-де басталады.
Германия – өте мықты қарсылас. Оның үш бірдей ойыншысы 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропа рейтингісінде үздік 20 теннисшінің қатарына кіреді. Нильс Макдональд Германияның бірінші ракеткасы болса, Дебуро Паломеро Еуропа рейтингісінде 14-інші, Кристофер Тисс 15-орында.
Биыл Францияда өткен жарыстың финалында Заңғар Нұрланұлы Нильс Макдональдқа жол берді – 6:7, 4:6. Дәл сол турнирде Кристофер Тисс жұптық сында жеңімпаз атанды.
Екінші жартылай финалда АҚШ пен Швейцария құрамалары бақ сынайды.
Жартылай финалда жеңгендер чемпиондық атаққа, ұтылғандар қола жүлдеге таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің теннистен әлем чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.