«Теңіз» коллекторынан өндірілетін мұнай жылына 40 млн тоннаға жетуі мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында екі инвестициядық жобаны іске асыру аяқталды. Оның бірі – келешек кеңею, ал екіншісі – ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Енді мұнай өндіру еселеп артады.

Кен орны қашан ашылған?
«Теңіз» коллекторындағы мұнайды өндіру үшін 1976 жылғы 24 маусымда №1 ұңғымада бұрғылау басталған. Бұл істі сол кездегі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі басшыларының ұсынысымен Волгоград бұрғылау басқармасының бұрғышылары атқарған. Ал 1979 жылдың 18 желтоқсанында кен орны ашылған. Өйткені тұзасты қабатынан тәулігіне 475-600 текше метр мұнай өндіруге болатыны анықталған. Алайда мұнай құрамындағы күкірт мөлшері 25 пайызды құраған.
Бұл кен орнында 1985 жылғы 24 маусымда оқыс оқиға болған. Осындағы №37 ұңғыманың 4 мың 467 метр тереңінен газ атқылап, соңы өртке ұласқан. Жалынды тез өшіру мүмкін болмады. Газ алауынан тұтанған өрт 398 тәулік бойы жанып тұрған. Өрт 1986 жылдың 26 маусымында дейін жанып тұрған. Сол кезде атмосфералық ауа температурасы +400-ден +500°C, ал топырақ температурасы +260-тан +320°C шамасында көтерілген. Бір жыл 30 күннен астам жанған алапат өрт кезінде 5 млн тонна мұнай, 3,3 млрд текше метр ілеспе газ және 660 млн текше метр күкіртті сутек өртенген. Бір өрт сөндіруші қаза тапқан.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонның дерегіне сүйенсек, «Теңіз» кенішінің коллекторында 3,2 млрд тонна (25,5 млрд баррель) мұнай қоры бар. Ал онымен іргелес жатқан Королев кен алаңындағы «қара алтын» 200 млн тоннаға (1,6 млрд баррель) жетеді. Екі кен орындарынан алынатын көмірсутекті шикізаттың көлемі 890 млн-нан 1,37 млрд тоннаны (7,1-10,9 млрд баррель) құрайжы. «Теңіз» коллекторының ені – 20 (12 миль), ұзындығы – 21 шақырым (13 миль).
Жаһан көз тіккен жоба
Аталған кен орнына жаһан елдері көз тігіп отыр. Өйткені кеніштен өндірілетін мұнай көлемін ұлғайту үшін бірнеше жоба іске асырылды. Мәселен, келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының құны – 45 млрд АҚШ доллары. Бұл қаржының 19,5 млрд АҚШ доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған. Ал жобаны іске асыру үшін қазақстандық компаниялармен 1250-ден астам келісімшарт жасалған.

Кен орнындағы жоба құрылысына қажетті 408 модульді жеткізудің 3 жылдық бағдарламасы қолға алынды. Соның аясында әрқайсысы 500-ден 1 800 тоннаға дейінгі модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалған. Кейін Ресейдің ішкі су жолы арқылы Каспий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк түсіру терминалына жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құраған модульдік жүк жеткізілді. Барлық модульдік жүктің жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құрады.
Бұл жобаға қазақстандық компаниялар да қатысқан. Мәселен, Еrsai, KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 модульдік эстаканы құрастырып, қашықтан бақылайтын 10 блоктың құрылысын жүргізді.
Жоба құрылысына қолданылған жүктерді тасуға 120-дан астам кеме пайдаланылған. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылса, кейбірі жоба құрылысы үшін тасымалданатын жүктің ерекшелігіне байланысты арнайы өзгертілген. Кемелермен жеткізілген модульдік жүкті қабылдау үшін «Теңіз» кен орнының маңындағы Прорва түбегінде жаңа порт салынды.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің мәліметінше, жоба шеңберінде шамамен 90 мың жұмыс орны ашылған. Оқыту курстары арқылы 37 мың 500-ден астам білікті ұлттық маман даярланған.
– Кадр даярлау елдегі білікті мамандар әлеуетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. Енді ұлттық мамандар тәжірибесін Қазақстандағы өнеркәсіптік жобаларда, халықаралық деңгейдегі нысандар құрылысында қолдана алады, - дейді Көңілқош Сүйесінов.
Бас директоры Кевин Лайонның айтуынша, «Теңіз» кен орнында үшінші буын зауытында мұнай өңдіру көлемін арттыру басталды.
– «Теңіздегі» шикі мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына тағы да 12 млн тоннаға ұлғаяды. Барлық өндiрiстiк нысандар толық iске қосылғаннан кейiн, мұнай өндірудің жылдық көлемі шамамен 40 млн тоннаны құрайды. Бұл Қазақстанның бюджетіне салықтар, роялти және басқа да тікелей қаржылық төлемдер есебінен қосымша кіріс әкеледі. Келешек кеңею добасы негізгі өндірістің сенімді жұмысын сақтауға, Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы ірі жеткізушісі ретіндегі мәртебесін нығайтуға септігін тигізеді, - деп мәлім етті Кевин Лайон.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында жөндеу жұмысы аяқталғанын