Теректі ауданы Подстепный ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді - БҚО
ОРАЛ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Теректі ауданы Подстепный ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды.
Оның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, қазіргі заманғы жабдықтарға негізделген емдеу мекемесінде медициналық қызмет сапасы да арта түсетінін атап өтті. Шынында да бұрын бейімделген ғимаратта сығылысып, күн көрген дәрігерлердің енді жеке-жеке кабинеті болады. Мұнда жалпы тәжірибедегі дәрігер, педиатр, терапевт, хирург, стоматолог сынды мамандар қызмет көрсетпекші. Енді ауыл тұрғындары (Подстепныйда 10 мыңдай адам тұрады) 40 шақырым қашықтықтағы аудан орталығы Федоровқа сабылмай, ауысымына 75 адамды қабылдауға лайықталған жаңа амбулаторияда қаралады.
Аталмыш нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 132 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Отделстрой» фирмасы (басшысы Валентина Михно) сапалы атқарып шықты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, биыл өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 567,1 млн. теңгеге бес дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Оған қоса 245,2 млн. теңгеге 9 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөнделді. Мұндай жұмыстар алдағы жылы да жалғасып, қажетті қаржы бөлінетін болады.