Терең мәнді тағайындаулар - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Терең мәнді тағайындаулар - баспасөзге шолу

***

Елбасының Ұлытау төріндегі ұлағатты сұхбаты қазақ қоғамында серпіліс туғызды. Қазақтың арғы-бергі тарихы, тілі, әдебиеті, мәдениеті, экономикасы мен болашағы жайлы айтқан Нұрсұлтан Әбішұлының келелі пікірлеріне еліміздің әр тарапындағы зиялы қауым өкілдері үн қосып, өз пікірлерін білдіруде, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Ұлытау төріндегі ұлағатты әңгіме" атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында Елбасының кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен өткен басқосуда Ұлытау төрінде көтерілген басты мәселелер ғылыми тұрғыдан талданып, оның ел руханиятының дамуына қосатын айрықша үлесі туралы кеңінен сөз болды. Ұлттық ғылым академиясының жетекші академиктері мен корреспондент-мүшелерінің қатысуымен өткен осы сұхбат оқырман назарына ұсынылып отыр.

"Елбасымыздың мен білетін кейінгі 20 жыл ішіндегі сұхбаттарында Қазақстанның өз ішіндегі коммуникация мәселесіне айрықша мән беріп келді. Кешегі Кеңес Одағының қордаланып қалған мың сан мәселелері орайымен шешілгеннен кейін Елбасымыз Ұлытауды Қазақстанның барлық тарапымен бірдей байланыстыратын теміржол салуды қолға алды. Көп жылдар бойы жүрек төрінде сақтап келген ойының жүзеге асуымен тұспа-тұс келген сапарда Нұрсұлтан Әбішұлы төгілте сұхбат берді және оның бұрынғы сұхбаттардан өзгерек болуының сыры осында деп білемін", - дейді М. Құл-Мұхаммед.

Басылымда сондай-ақ, Мұрат Жұрынов, Серік Қирабаев, Едіге Түркебаев, Төрегелді Шарманов және басқа да көптеген ғалым-академиктер мен зиялы қауым өкілдерінің пайымды пікірлері берілген.

Кеше Тәуелсіздік сарайында басталған ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың 1-ші жиналысы туралы да көлемді мақала беріліп отыр. Газеттің жазуынша, екі күндік форумға Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) басшылары, ЭКСПО Комиссариаты хатшылығының қызметкерлері, сонымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесіне ресми шақыру алған 86 елдің 200-ден астам өкілі қатысуда.

Бұл - Париждегі ХКБ Бас Ассамблеясының 155-ші сессиясында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Қазақстанда өткізу туралы ресми шешім қабылдағаннан кейінгі алғашқы шара. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев атап көрсеткендей, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру үшін Қазақстанда барлық қажетті әкімшілік және материалдық мүмкіндіктер бар. Осыны халықаралық қатысушыларға жеткізу - бүгінгі жиналыстың басты мақсаты. ЭКСПО сияқты жаһандық жобаларға кешенді халықаралық талаптар қойылады. Сол талаптарды толығымен сақтай отырып, көрмені жоғары дәрежеде өткізу еліміз үшін үлкен міндет. Сонымен бірге, осы басқосу барысында халықаралық жиынға қатысушылар көрме жобасы бойынша белгіленген негізгі мәселелермен жан-жақты хабардар болады. Атап айтқанда, олар ЭКСПО қалашығы құрылысының барысымен, көрменің басты тақырыбы шеңберінде қолға алынып жатқан шаралармен жан-жақты танысады, деп жазады басылым.

***

"Айқын" газеті кешегі кадрлық ауыс-түйістер туралы кеңінен жазып отыр. Басылымның жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Астана қаласының активімен кездесер алдында, қалалық мәслихаттың сессиясында Астана қаласының әкімі лауазымына Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасы депутаттармен келісілді.

Мемлекет басшысы Астана активімен кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетовтің Қорғаныс министрі болып тағайындалғанын айтты.

- Ол көп жылдардан бері менің қасымда жұмыс істеп келеді, көптеген лауазымдарды атқарды. Барлық жерде жұмысты бүге-шігесіне дейін зерделеп, мықты ұжым қалыптастырып, қойылған міндеттерді орындады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы И.Тасмағамбетовтің қалаға басшылық жасаған кезінде Астана айтарлықтай жаңарғанын да атап өтті.

- 16 жылда біз жаңа елорда салып қана қойғанымыз жоқ, еліміздің тұрғындарымен қатар дүниежүзінен келетін қонақтарды да таңдандырып, тамсандыратын қала жасадық. Бүгін Астананың ғаламшардағы «топ-21» ақылды қалалар тізіміне кіргені мәлім болды, -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті елорданың жаңа әкімі болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалғанын айтты.

- Конституцияға сәйкес, мен мәслихаттың келісімін алып, Әділбек Жақсыбековті Астана әкімі етіп тағайындадым. Бұл кісі 1997 жылы қаланың алғашқы мэрі болды. Ол қандай салада жұмыс істесе де, барлық міндеттерді игерді, - деді Мемлекет басшысы.

И.Тасмағамбетов пен Ә.Жақсыбеков сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына алғысын айтып, алдарына қойған барлық міндетті шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын жеткiздi.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулинге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы міндетін уақытша атқару жүктелді, деп жазады басылым "Терең мәнді тағайындаулар" атты мақалада.

Парламент депутаттары Үкімет басшысынан қиындыққа жолыққан заемшыларды жалғыз үйінен айыруға мораторий жариялауды сұрайды, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы ."Қалаулылардың қаупі бекер емес" атты мақалада.

Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар банк секторына қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдады. Олардан қазіргі банк секторында туындап жатқан әр алуан мәселелер көрініс береді.

Мәжіліс депутаттары Жамбыл Ахметбеков, Галина Баймаханова, Төлеш Кенжин және басқалары кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жүгінді.

- Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайларында Қазақстан Үкіметі коммерциялық банктерді қолдау үшін әртүрлі іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады, - деді хатты оқыған депутат Борис Сорокин. - Қазақстандық банк секторын тұрақтандыруға және сауықтыруға Ұлттық қордан бағытталған қаражаттар үлесі 1 триллион теңгеден асуы мүмкін. Алайда мұндай көмек проблемалы кредиттерге ешқандай ықпал етпеді: олардың көлемі тұрақты артып барады.

Депутаттарға азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан бағытталған осыған қатысты арыз-шағымдар легі толастамай жатқан көрінеді. «Оларда айтылғанындай, банктердің миллиардтаған сомалық проблемалы заемдарды есептен шығарып тастағандары туралы мәлімдемелеріне және осы тәжірибені жалғастыру жоспарларына қарамастан, бүгінде заемға кепілзат болған жалғыз баспананы мәжбүрлі түрде тартып алу үдерісі белсенді жалғасуда. Банктерді мемлекеттің жан-жақты қолдауы аясында олардың бұл әрекеттері адамдарда түсінбеушілік тудыруда. Атап өтер жайт, банктердің кепілдегі пәтерлерді тартып алуы нәтижесінде азаматтардың өздеріне-өздері қол жұмсау, суицидке бару жағдайлары тіркелуде» дейді қалаулылар.

Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысынан мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды ұсынады. «Ал комиссия тиісті шешім қабылдағанға дейін проблемалы заемшыларды жалғыз баспанасынан шығаруға және жылжымайтын мүлікті банк балансына көшіруге мораторий жариялау қажет» дейді олар.

Нарық жағдайында банк жүйесі жауапкершілік арқалайды, экономиканы дамытуды қаржыландырудың тәуекелдерін өзі көтереді. Дегенмен, депутат кейбір банктерде тәуекелдерді бағалау бойынша жұмыстың нашар екендігін, жемқорлық пен қомағайлық жайлағандығын, қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі төмендігін қынжыла жеткізді.

«Standard & Poors» халықаралық рейтинг агенттігі сарапшыларының бағалауынша, 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздар 31,2%-ды құрапты. Сөйтіп, бір жыл ішінде 19,7%-ға өскен. «Осыған қарамастан, банктер белсенді түрде тұтынушылық несиені таратуда, ал экономиканың нақты секторын несиелендіруді қысқартуда. Банктердің ссудалық портфеліндегі тұтынушылық кредиттер үлесі 18%-ға жетті және биылғы 9 айда 16,2%-ға өсті» дейді А.Қоңыров.

Ұлттық банк басшысына депутат Азат Перуашев те жүгінді. Е.Никитинская, Т.Ерғалиев және басқа да қалаулылар қолдаған бұл депутаттық сауал сондай-ақ Үкімет басшысы К.Мәсімовке де бағытталды.

Қалаулыларды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) қаражаттарының ресейлік «Сбербанкке» берілуі қайран қалдырып отыр. «Біздің қордан оған бөлінген қаржы сол банктің қазақстандық активтерінен асып түседі: Қазақстандағы активі 130 миллиард теңгені ғана құрайтындығына қарамастан, Сбербанк БЖЗҚ-дан 152 миллиард теңге тарта алыпты! Және де бұл көрші Ресейдегі күрделі экономикалық жағдай аясында орын алып отыр. Әрине, қазақстандық банктерге бағытталған тәуекелді салымдарды «ұлттық қаржылық жүйеге деген қамқорлықпен» түсіндіруге болар, ал шетелдік банкті біздің азаматтар есебінен және сонша даулы шарттармен қолдау көп сауал туғызады» дейді Үкімет пен Ұлттық банк басшыларына, депутаттар.

Осыған орай олар сол миллиардтарды - болашақ қазақстандық зейнеткерлердің жинақтарын ресейлік банктің Ресей экономикасының проблемаларын шешуге пайдалану мүмкіндігінен қорғауды сұрайды.