Терең өңдеу мен цифрландыруға бетбұрыс: Қазақстанның тау-кен металлургия кешені қалай өзгеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жер қойнауын терең зерттеп, өндірісті цифрландырып жатқан Қазақстан тау-кен металлургия саласын жаңа кезеңге шығаруға кірісті. Геологиялық барлау, жасанды интеллект пен стратегиялық минералдарға сұраныс – саланың басты драйверлері. Толығырақ Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысының материалында.

металлургия
Фото: Kazinform

Тау-кен металлургия кешенінің экономикадағы рөлі

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің мәліметіне сәйкес, бүгінде саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 8,7%. Комитеттің Kazinform агенттігіне берген жауабына сүйенсек, соңғы жылдары сала тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, жалпы қосылған құн 4 жыл ішінде 4,7 трлн теңгеден 8,2 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Ал металлургияның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі өткен жылдың қорытындысында 40,5%-ға жетті.

Өндіріс көлеміндегі оң динамика еңбек өнімділігіне де әсер етті. Соңғы бес жылда өндіріс 1,7 есеге өссе, бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі 99,1 мың АҚШ долларынан 145,3 мың АҚШ долларына дейін артқан.

Өсім сыртқы сауда көрсеткіштерінен де байқалады. Соңғы бес жылда металлургиялық өнім экспорты 24,2%-ға артып, 12,8 млрд АҚШ долларынан 15,9 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорттың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде мыс, ферроқорытпалар, жалпақ илем өнімдері, мырыш, алюминий және күміс құрайды. Былтыр қазақстандық металлургиялық өнімнің басты өткізу нарықтары Қытай, Ресей, Түркия, Ұлыбритания және Өзбекстан болды. Соған қарамастан, экспорт құрылымында бастапқы өңдеу деңгейіндегі өнімдердің үлесі басым.

тау-кен металлургия
Инфографика: Kazinform

Әлемдік үрдістер де Қазақстанның минералдық-шикізат секторына деген қызығушылықты күшейтіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, соңғы бір жылда инвесторлар, әсіресе стратегиялық маңызы бар және сирек жер металдарына ерекше назар аудара бастаған. Бұл сала үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.

– Әлем жоғары технологиялық өндірістерге қажет шикізатты іздеп жатқанда Қазақстан стратегиялық минералдарға бай ел ретінде ерекше назарға ілікті. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа міндеттер туындады. Бүгінде біз тек пайдалы қазбаларды өндіруді емес, саланың болашағын да талқылап жатырмыз. Атап айтқанда, минералдық-шикізат қорын толықтыру, инвестиция тарту, геологиялық барлауды дамыту мен бизнес үшін ұзақ мерзімді тұрақты жағдай қалыптастыру мәселелері күн тәртібінде, – деді Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының (ТКМКҚ) атқарушы директоры Николай Радостовец.

Саланың даму басымдықтары да өзгеріп келеді. Өнеркәсіп комитетінің мәліметінше, Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан терең өңдеуге бет бұрып жатыр.

– Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан негізінен өндірілген шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерін экспорттауға бағытталған еді. Қазір басты назар шикізатты терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамытуға және шикізатты ел ішінде қайта өңдеуді қолдауға аударылып отыр, – делінген комитеттің жауабында.

Бұл бағыт нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы екі жылда елімізде катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және өзге де металлургиялық өнімдер шығаратын, жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын өндірістер іске қосылды.

Жаңа өндірістерге салынған инвестиция

Инвестиция көлемі мен жаңа өндірістердің іске қосылуы – тау-кен металлургия кешенінің даму қарқынын айқындайтын көрсеткіштердің бірі. Өнеркәсіп комитетінің мәліметінше, 2025–2026 жылдары салада жалпы құны 330 млрд теңгеден асатын 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Жаңа өндірістердің географиясы да кеңейіп жатыр. Өткен жылы Павлодар облысында құны 92 млрд теңге болатын, жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіретін «EkibastuzFerroAlloys» ферроқорытпа зауыты пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қарағанды облысында құны шамамен 63 млрд теңгені құрайтын, жылдық қуаты 175 мың тонна ферросилиций өндіретін «Qaragandy Power Silicon» жобасы іске қосылды. Бұдан бөлек, металл құбырларын шығаратын «ТЭМПО-Қазақстан» зауыты мен ферроқорытпа өндіретін «Kazferro Limited» кәсіпорны жұмысын бастады.

Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Павлодар облысында катодты мыс өндіретін «Fonet Er-Tai Mining» гидрометаллургиялық зауыты іске қосылса, Қарағанды облысында осыған ұқсас «GoldCorp» жобасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Сәтбаев кен байыту кәсіпорнының» жаңғыртылған байыту фабрикасы мен Шымкент қаласындағы «BS Group» компаниясының мырышталған құбырлар өндірісі пайдалануға берілді.

Саланың инвестициялық тартымдылығы да жоғары деңгейде сақталып отыр. 2024 жылы негізгі капиталға рекордтық 761 млрд теңге инвестиция салынса, өткен жылы бұл көрсеткіш 687 млрд теңгеден асты.

Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгей. Яғни, салаға бағытталған инвестиция ағыны бәсеңдеген жоқ, керісінше жаңа өндірістердің іске асуына тұрақты негіз қалап отыр.

– Қазақстан АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ, Жапония, Корея Республикасы және басқа да елдердің жетекші компанияларымен ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұл ретте басты назар ұзақ мерзімді технологиялық әріптестік орнатуға аударылып отыр. Өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері және жаңа индустриялық экономика үшін білікті мамандар даярлау – осы жұмыстың негізгі басымдықтары, – деді Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy – AMM 2026 XVI халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Алдағы жоспар ауқымды. 2030 жылға дейін елімізде жаңа металлургиялық өндірістер салынып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту көзделген.

тау-кен металлургия
Инфографика: Kazinform

Ірі жобалардың қатарында құны 1,6 трлн теңгені құрайтын «Qarmet» инвестициялық бағдарламасы бар. Оның аясында болат өндірісін жылына 5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар Абай облысында құны 778 млрд теңгелік «KAZ Minerals Smelting» мыс балқыту зауытының құрылысы, құны 308 млрд теңге болатын «CASPIAN STEEL QZ» болат дайындамаларын шығару жобасы және құны 208 млрд теңгені құрайтын «Mineral Product International» ферроқорытпа зауыты жүзеге асырылмақ.

Салада қандай сын-қатерлер бар?

Саланың алдында шешімін күткен бірқатар жүйелі проблема да бар. Сарапшылардың пікірінше, ауқымды жобаларды табысты жүзеге асыру үшін ең алдымен бизнеске ұзақ мерзімді бағдар беретін, ашық әрі болжамды мемлекеттік саясат қажет.

– Тау-кен металлургия саласында инвестициялық цикл ондаған жылдарға созылады. Сондықтан бизнес үшін алдағы жылдардағы ойын ережесінің тұрақты әрі түсінікті болуы аса маңызды. Біз Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін 15 жылдан кейін қандай деңгейде көргіміз келетінін нақты айқындауымыз қажет, – деп есептейді Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының өкілдері.

тау кен
Фото: erg.kz

Алаңдататын мәселе мұнымен шектелмейді. Сарапшылардың айтуынша, көлік шығындарының, әсіресе теміржол тарифтерінің өсуі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке тікелей әсер етеді. Бұған қоса электр энергиясының жоғары құны да өндіріс шығынын арттырып отыр.

– Электр энергиясының құны әлі де жоғары. Сондықтан егер кәсіпорындар электр стансаларын өз күшімен салса, белгілі бір жеңілдіктер қарастырылғанын қалаймыз. Біз қазірдің өзінде экологиялық талаптарға сай, қалдықсыз жаңа технологияларға негізделген бірнеше көмір электр стансасын салуға дайынбыз, – деді Николай Радостовец.

Инвесторлар үшін тағы бір маңызды дүние – салық саясатының тұрақтылығы. Бизнес өкілдерінің пікірінше, кез келген қосымша салықтық жүктеме жаңа жобаларға қаржы салу, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және өндірісті жаңғырту мүмкіндігін төмендетеді.

Сонымен қатар саланың алдында ұзақ мерзімді дамуға қатысты өзге де міндеттер тұр. Өнеркәсіп комитетінің мәліметінше, олардың қатарында минералдық-шикізат қорын толықтыру, жаңа жобалардың жоғары капитал сыйымдылығы, білікті кадр тапшылығын жою, әлемдік бағаның құбылмалығына бейімделу және экологиялық талаптардың күшеюіне сай жұмыс істеу бар.

Оны еңсеру үшін мемлекет нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, инвестиция тартуды ынталандыруға, инфрақұрылымды дамытуға, кадр даярлауға және шикізатты терең өңдеу жобаларын қолдауға бағытталған кешенді шараларды қолға алып отыр.

– Сондай-ақ технологияларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және заманауи шешімдерді енгізуге ерекше көңіл бөлу қажет. Бүгінде саланың бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарды тиімді игеруге байланысты. Кәсіпорындарымыз неғұрлым қуатты болса, сала әлемдік нарықтағы сыртқы факторларға соғұрлым төзімді болады, – деп хабарлайды Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы.

Бұл ретте саланың болашағы тек жаңа кен орындарын игерумен немесе шикізатты өңдеумен өлшенбейді. Заман талабына сай жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу де маңызды.

– Бүгінде елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Ол арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, лицензия беру және жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерінің орындалуын бақылау процестері автоматтандырылған. Сонымен қатар 4,6 миллионнан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды. Келесі кезеңде деректерді талдау, жаңа кен орындарын іздеуді жеделдету және минералдық-шикізат базасын игеру тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылатын болады, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов маусым айында өткен тау-кен металлургия конгресінде.

Өзгерістің өзегі – ашық диалог

Ендігі кезекте соңғы жылдардағы өзгерістерді талдасақ. Оның бірі – мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтың жаңа деңгейге көтерілуі. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде жер қойнауын пайдалану, салық саясаты, стратегиялық маңызы бар минералдар және инвестициялық ахуал мәселелері талқы таразысында. Осы жұмыстың нәтижесінде Тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді.

– Бүгінде Өнеркәсіп министрлігінің жұмысы анағұрлым ашық әрі айқын бола түсті. Соның нәтижесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін компанияларға 3 мыңнан астам лицензия берілді. Сонымен бірге пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар саны айтарлықтай артты, – деді Николай Радостовец.

Бұл өзгерістер геологиялық барлау саласының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Сарапшылардың бағалауынша, қазір Қазақстанда барлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, ел аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау басталған. Алдағы үш жылда бұл бағытқа шамамен 470 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.

а
Фото: ШҚО ПД

– Бұған дейін ел аумағы толық зерттелмеді. Қазір геология саласына ерекше көңіл бөлініп отырғандықтан, оған қызығушылық та айтарлықтай артты. Геологиялық жұмыстарға қомақты қаржы бөлінуде. Бұл салада жаңа технологиялық және техникалық шешімдердің қолданылып жатқанын көрсетеді, – деді спикер.

Саладағы өзгерістер тек өндіріс пен барлаумен шектелмейді. Бүгінде Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығына жүзге жуық компания мүше. Олар Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, заңнаманы талқылауға және өндірістегі жаңа технологияларды енгізу мәселелерін пысықтауға арналған тұрақты диалог алаңдарын қалыптастырып келеді.

– Уақыт бір орында тұрмайды. Сондықтан еңбек жағдайын жақсарту мен өндірістегі қауіпсіздікті күшейту мәселелеріне де ерекше назар аудару қажет. Бұл бағыттар қауымдастық аясында тұрақты түрде талқыланады. Біз кәсіподақтармен тығыз жұмыс істеп, салалық келісімдер жасасамыз және әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамытамыз. Бұл қоғам үшін өте маңызды, өйткені ол елдің тұрақты әрі болжамды дамуына негіз қалайды, – деп түйіндеді Николай Радостовец.

Еске салайық, 2026-2028 жылдары тау-кен металлургия кешені ауқымды цифрлық трансформациядан өтеді.