Тергеу тобы іздеу жарияланған тұлғалардың Отанға қайтуы туралы олардың адвокаттарының өтініштерін қарауға әзір
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «БТА банк» АҚ-да қаржы ұрлауға қатысты ведомствоаралық тергеу тобы іздеу жариялаған тұлғалардың Отанға қайтуы туралы олардың адвокаттарының өтініштерін, тергеу амалдарына олар қатысқан жағдайда оңтайлы қарауға әзір.
Оны бүгін Алматыда ҚР Бас прокурорының тергеу тобын басқару жөніндегі көмекшісі Сәкен Ықсанғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қылмыстық іс бойынша іздеу жарияланған тұлғалардың саны қазіргі таңда бесеу. Олар «БТА банк» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, ұйымдасқан қылмыстық топты құрушы және басқарушы Мұхтар Әблязов, банктің несиелік комитетінің бұрынғы төрағасы, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқарушысы Жақсылық Жәрімбетов, қылмыстық топқа қатысушы банк басқармасының бұрынғы төрағасы Роман Солодченко, банктің УКБ №6 басшысы Вероника Ефимова және Болат Кәрімов пен Жанна Ахмадияровалар. «Бұл тұлғалар елге қайтқан жағдайда, тергеудегі бар мәліметтерді есепке ала отырып, олардың тергеу барысындағы позициясын ескере отырып, олардың процессуалдық жағдайы анықталады. Сонымен бірге, тергеу тобы БАҚ арқылы кереғар қоғамдық пікір туғызатын көрінеу жалған мәліметтер таратушылардың бар екендігін ескертеді. Мұндай әрекеттерге тергеу тобы құқыққа қарсы, қоғамдағы тұрақтылыққа қасақана қауіп туғызушы және мемлекет мүддесіне нұқсан келтіруші деп баға береді», дейді Сәкен Ықсанғалиев.