Тері өңдеушілер қауымдастығы Мәжіліс депутатының сауалына жауап қатты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен айдың соңында Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев тері мен жүн экспортына салынатын кедендік бажды алып тастауды ұсынып, Үкіметке депуаттық сауал жолдаған болатын. Әңгіме ірі қара терісінің экспортына әр тонна үшін салынатын 200 еуро көлеміндегі кедендік баж туралы болып отыр. Қазақстанның былғары шикізаты мен жүн-тері өңдеушілер қауымдастығының өкілдері осы сарындағы ұсыныстардың қайта-қайта Парламент қабырғасынан айтылуына алаңдаулы. ҚазАқпарат аталған қауымдастықтың осы депутаттық сауалға орай редакцияға жолдаған материалының ең маңызды тұстарын ықшамдап ұсынады.

Тері өңдеушілер қауымдастығы Мәжіліс депутатының сауалына жауап қатты

Материал мәтініндегі мәлімет бойынша, қазір қауымдастықтың құрамында ірі қараның терісін өңдейтін 12 цех бар. Ал қойдың терісі мен жүнін өңдейтін 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ол кәсіпорындардың ұжымында ұзын саны 1000 адам жұмыс істейді. Олардың жалпы қаржы айналымы 20 млрд теңге болғандықтан, бюджетке айтарлықтай салық төлеп отыр.

Қауымдастық өкілдері сиыр терісінің экспортына салынып отырған кедендік баждың күші жойылса, аталған кәсіпорындарға банкрот қаупі төнуі мүмкін деп есептейді. Өйткені тері өңдеуші зауыттар сапалы шикізаттан қағылып, тапсырыс міндеттемлерін орындай алмай қалуы ықтимал.

Осы және өзге де уәждерді алға тартқан қауымдастық мүшелері кедендік баждың күшін жоймай-ақ, малдың терісі мен жүнін шикізат күйінде сұранысқа ие тауарға айналдырудың жолдарын ұсынады. Олар:

- саланың жұмысын бір ғана мемлекеттік органның құзырына қарату (қазір бұл саланың кейбір мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігі, кейбір тұстарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үйлестіреді);

- «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аясында тиісті мемлкеттік органдар мен ғылыми орта өкілдерін, былғары және жүн-тері шикізатын өндіруші кәсіпорындардың мамандарын, аяқ киім мен жиһазға қажет былғары галантереясын өңдеушілерді, фермерлерді қатыстыру арқылы саланы дамыту жоспарын әзірлеу;

- ірі қара терісінің экспортына тыйым салу немесе әр тоннасы үшін алынатын кеденді баж мөлшерін 200 еуродан 500 еуроға дейін көтеру;

-«Атамекен» ҰКП және «Бәйтерек ҰБК» АҚ қолдауымен былғары мен жүн-тері өңдеуге қажет қондырғыларды жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске асыру;

- Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тері өңдеуге қажет химиялық реагенттерді сақтайтын қойманың жұмысын жолға қойып, оның коммуналдық және технологиялық шығындарын бюджет есебінен субсидиялау;

- экспортқа шығарылған былғары және өңделген жүн-тері өнімдерінің әр түріне жеке-жеке субсидия тағайындау;

- тері өңдеуші кәсіпорындардың мал терісін жеке тұлғалардан қолма-қол ақшаға сатып алуына рұқсат беру;

- тері сатудан алынатын 10 пайыздық жеке табыс салығының күшін жою.

«Депутат тері мен жүнді қандай тері екенін анықтамастан, күресінге тастап, шірітіп жатырмыз деген уәж айтады. Соны алға тартып, жүн мен теріге салынатын экспорттық баж салығын алып тастауды ұсынған екен. Бұл жерде негізінен керексіз болып шіріп жатқан жылқы терісі мен қой терісі, ал ірі қара мал терісі - сұранысқа ие тауар. Жылқы мен қой терісіне о бастан экспорттауға ешқандай шектеу не баж салығы жоқ, кедендік кодтары да бөлек. Қазақстанда жарты жылда тек бір ғана тері өңдеу зауыты 100 000 тері өңдеді. Сондықтан барлығы 66-ақ мың тері экспортталды деу де қисынға келіңкіремейді.

Былғары және жүн-тері өңдеу саласын дайын өнім шығаратындай деңгейге жеткізу үшін бірлесіп күш салуымыз керек. Бұл экономикаға мультипликативті әсер береді. Соның арқасында экспортты әртараптандырып, импортқа тәуелділікті азайтуға болады», - деп жазылған қауымдастың хатында.

Еске салсақ, сенатор Мұхтар Жұмағазиев барлық өңірде тері мен жүнді қабылдаудың пункттерін құруды ұсынған болатын.


Фото: inbusiness.kz