Терминология институты - уақыт талабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, «Медициналық терминдерді біріздендірудің нормативтік-лингвистикалық негіздері» атты республикалық дөңгелек үстел өткізді.

Терминология институты - уақыт талабы

Аталмыш іс-шараға меди­циналық терминоло­гиядағы қордаланған мәселелерді тал­қылау мақсатында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, тіл және медицина саласының ғалымдары, орталық атқарушы органдардағы тіл саласына жауапты құрылымдардың басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚР Мәде­ниет және спорт министр­лігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов жүргізіп отырды. Шараны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің инспекторы Әділбек Алпысбай құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде қазақ тілі бүгінгі таңда білім мен ғылымның, бизнестің тіліне айналғанын, тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға 10 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Тіл білімінде, терминология саласында қордаланған мәселелерді бірлесе отырып, кеңесе отырып шешуіміз керек екеніне баса назар аударды. - Біз Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын кемінде 95 пайызға жеткізу тапсырмасын іске асыруға тиіспіз. Бұл ретте мемлекетімізде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бүгін ұйымдастырылып отырған «Медициналық терминдерді біріздендірудің нормативтік-лингвистикалық негіздері» атты республикалық дөңгелек үстелді осындай үлкен де маңызды шаралардың заңды жалғасы деп білеміз, - деді Әділбек Алпысбай. Қазақстан Республикасы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсат-міндеттердің бірі терминологиялық лексиканы біріздендіру, қазақ терминдерінің реттелген қорын қалыптастыру екені белгілі. Терминологиялық қорды жетілдіру салалық терминдердің сапасын арттырумен, сондай-ақ терминтану мен терминография жөніндегі арнайы жұмыстарды жандандырумен де тікелей байланыс­ты. Бұл орайда сөз қозғаған ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының док­­торы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев Тіл комитеті ұйымдастырып отырған алқалы жиында айтылатын әңгіме барысы ауқымды екенін айтты. Халықаралық терминдерді аударуды біріздендіру мәсе­лесіне тоқталған профессор ха­лықаралық қолданыстағы терминдердің жағдайынан нақты мысалдар келдірді. Мұндай терминдердің барлығын аудара беруге қарсы екенін білдірді. - Менің ойымша, бүкіл еуропа тілдеріне сіңісіп қалған латын, грек тілдеріндегі медициналық терминдерді аудармай-ақ сол күйінде алсақ та болады. Ал славян, орыс тілдеріндегі сөздерді аударсақ ұтылмаймыз. Самолетті - ұшақ, вертолетті - тікұшақ, столоваяны - асхана қылдық. Меніңше, бұдан да әдемі балама табуға болады, - деген К.Құрманәлиев осы орайда өзге ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының жауапты қызметкері Кеңесбек Демеш медицинаға мемлекеттік тілді енгізу, оны осы салада қолдану оп-оңай іске асыра қалатын шаруа емес екенін, бұл табандылықты қажет ететін жұмыс екенін атады. - Медициналық терминдерді өзгертудің үдерісі уақыт өте келе өзгере береді. Бұл саладағы алғашқы қадам, дәрігерлік қабылдаудан басталады. Меди­циналық терминдер өте-мөте мұқият қарастыруды, түсінуді, бірізділікті қажет етеді. Бұл саладағы терминдердің баламасын табу үшін, ең әуелі оның түбіріне, сол түбірдің мағынасына үңілу керек. Дәрігерлер сырқаттың атауын латынша жазады. Медициналық терминдерді аударғанда, ана тілімізде бұрыннан бар сөздерді пайдалансақ ұтылмаймыз, - деді К.Демеш. Педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма тө­ра­ғасы, педагогика ғы­лы­м­ы­ның докторы Асқарбек Құсайынов 2012-2014 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамы­тудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының тапсырысы бойынша 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер төңірегінде ой қозғады. Ғалым 30 томдық сөздіктер томдығын дайындауға 52 мекемеде жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы мен профессорлар, 120 ғылым кандидаттары мен доценттер атсалысқанын айтты. - Біз жұмыс барысында сала терминдерін жүйелеп жазып-талқылау әдістерін пайдалануды жөн көрдік. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, медицина саласының терминдері жүйеленіп, 2 мыңнан аса термин талқыланды. Жалпы термин жасау ісі бүкіл халыққа ортақ іс. Осы іске жалпы жұртты тарту мақсатында 2012-2014 жылдары «Ана тілі» газетінің қатарынан 23 нөмірінде «Оқырманмен ойласу» деген айдармен 2,5 мыңнан аса термин жарияланды. 1 мыңға жуық термин Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында «Терминдер» айдарында берілді. Кейіннен Терминком мәжілісі шешіміне орай, дайындалған барлық 30 томдық сөздік Академия сайтына ілініп, «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріне арнайы хабарлама берілді. Біз тілге қамқор жандардан нақты ұсыныстар алдық. Дайындалған сөздіктердің сапасын арттыруға ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мол үлес қосты. Терминком мүшелері: Ербол Әбдірәсілов, Сауытбек Абдрахманов, Мәди Айымбет, Жарылқап Бейсенбай, Кеңесбек Демеш, Самат Ибраим, Дәуітәлі Омашұлы, Шәмшидин Паттеев, Кеңес Юсуп сөздіктерді мұқият қарап, терминдерге қатысты мыңдаған ұсыныс-пікірлер айтты. Бірлесе атқарған осындай көлемді, ауқымды, тыңғылықты жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық ғылыми терминдер жүйесі түзілді, - деді А.Құсайынов. Ол алдағы уақыттарда қазақ тілі терминологиясының ғылыми негіздері дамып, кемелдене түсуіне берік негіз қаланғанын жеткізді. Бұдан соң сөз алған жазушы, аудармашы, ҚР Үкіме­тінің жанындағы Республи­калық терминология комис­сиясының мүшесі Кеңес Юсуп Терминологиялық инсти­тутты ашу қажеттілігінің туын­дап отырғанына ерекше назар аударды. «Астана» меди­ци­на­лық университетінің про­филактикалық медицина және тамақтану кафедрасының про­фессоры Мұхамбедия ­Ахметов ме­дицина терминдеріне же­ке-жеке тоқталды. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қалыпты анатомия кафедрасының профессоры, медицина ғылымының док­торы Жауғашты ­Ахметов тер­­минжасамның бүгінгі мәселелеріне шолу жасады. М.Оспанов атындағы ­Батыс Қа­зақстан мемлекеттік универ­си­тетінің ­профессоры, медицина ғылымының докто­ры Балаш Түсіпқалиев ме­ди­циналық жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар дайындаудың жай-күйін алға тартты. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Сәрсенбай Құлманов оқытушылар мен төртінші билік өкілдері журналистердің терминология саласында біліктілігін арттыру, академиялық сөз­діктердің сайтын ашуды ұсынды. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек терминология саласының аудармашыларына семинар-тренингтер өткізу, интернет ресурс­тарында терминология саласын одан әрі жетілдіру мақсатында пікір алмасу үшін электрондық алаңды қалыптастырудың ма­ңыздылығына тоқталды. Мұнымен қоса фармацевтика және басқа да салалар бойын­ша сөздіктерді құрастырып, терминдерді қалыптастыру аясында қазақ тілінің нормаларына назар аудару керектігі баса айтылды. Аталған дөңгелек үстел әртүрлі нұсқада қолданылып жүрген сөздерді біріздендіруге және медицина саласындағы терминдерді қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.

Автозаправка жанармай бекеті бензин
Ұқсас жаңалықтар

Жанармай бекеттерінде бензин, дизель және автогаз бағасы қандай