Теріскейге көшкен түркістандықтар кәсіп бастап, еңбек өнімділігін арттырып отыр
Павлодар облысына қоныс аударған Түркістан облысының тұрғындары кәсіп бастап, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Кazinform.
Бүгінгі күні оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударған тұрғындар еңбек өнімділігін арттырып отыр. Олардың бірі инженер, бірі мұғалім болып абыройлы қызмет артқаруда. Тіпті, тынымсыз еңбектің арқасында кәсіп ашып, көл көсір пайда тауып отырғандары бар.
Сайрам ауданының тұрғыны Зорёд Мавланов Павлодар облысы, Константиновка ауылына көшіп барған. Жас кәсіпкердің бүгінде «Карим» фермерлік қожалығында 3,5 гектар картоп алқабы бар. Нәпақасын жер анадан іздеген шаруа биыл 100 тонна өнім алды. Одан бөлек, шаруаның 400-ге жуық ірі қара малы да бар.
«Өзім үйренген атақоныстан көшу оңай болған жоқ. 2019 жылдың сәуір айында әке-шешеммен бірге көшіп келдік. Бастапқыда бұл жерлер бос жатқан еді. Осында келе сала мал шаруашылығын қолға алып, үй салып алдық. «Сыбаға» деп аталатын ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алып, кәсіп бастадық. Айта кетерлігі, солтүстік өңірінің топырағы өте құнарлы. Егін шаруашылығымен айналасуға өте қолайлы. Былтырдан бері картоп егіп, мол пайда тауып келемін», – дейді ол.
Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінде тұрып келген Тулкинжон Юсантаев та осы Константиновка ауылына тұрақтаған. Оның қоныс аударғанына 4 жыл болды. Бала күнінен егін шаруашылығының қыр-сырын меңгерген ол, қазіргі таңда 20 гектар аумақтан егін жинап, саудаға шығарып отыр.
Топырағы құнарлы, ауасы таза ауылда пияз, тұрып, асқабақ, қырыққабат пен қарбыз еккен. Негізгі өнімі картопты апта сайын жәрмеңкелер арқылы саудаға шығарады. Алдағы уақытта егістік көлемін арттыру арқылы өнім көлемін де молайтуды жоспарлап отыр.
Теріскейге көшіп, кәсіп ашқан азаматтардың арасында Төлеби ауданының тұрғындары да бар. Көксәйек елді мекенінде туған Нұрсұлтан Қаппаров осыдан 6 жыл бұрын Павлодар облысы Шарбақты ауылына қоныс аударған. «Суық жер» деп жатсынбай, бірден еңбек етуге кіріскен. Әуелі ауылға қажетті кәсіп түрлерінен бастапты. Мемлекеттік грант есебінде төменгі пайызбен несие алып, шаштараз ашып, бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтыған. Кейін самса пісіріп сататын орын дайындаған. Қос кәсіптен жақсы пайда тапқан ол, ауыл аймағыннан дәмхана мен көлік жуу бекетін ашқан. Осылайша Нұрсұлтан бүгінде ауылдың 10-нан астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер алдағы уақытта көлік жөндеу орталығын ашпақ ниетте.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, Түркістан өңірінен Павлодар өңіріне қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есебінен бөлінген квота негізінде биылғы жылдың 9 айында 340 отбасы, 1426 адам қоныс аударған.
«Жалпы мемлекеттік квотаға қарамастан, өз еркімен оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жатқандарда көп. Көшті бастап келушілер орнығып алған соң, ауылда жұмыссыз жүрген туыстарын, таныстарын өз жанына шақырып алады. Оларда егін және мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Ал жұбайлары мектепке мұғалім, ауруханаға дәрігер, балабақшаға тәрбиеші болып қызметке орналасады. Балалары да ауыл мектептеріне келіп, бала санын көбейтуде. Ең бастысы – жыл өте күнгейліктер теріскейге көшу арқылы өз өмірін жақсартуға болатынына көзі жеткізіп жатыр», –дейді түркістандықтардың жағдайын біліп қайтқан делегация мүшесі, әлеуметтік желі белсендісі Қайрат Кәрібаев.