Tesla Education дауына тап болған балалар өзге білім орталықтарында тегін оқиды

АСТАНА. KAZINFORM - Елдегі жетекші білім беру орталықтары бірлесіп, ата-аналар мен оқушылардың мәселесін шешуге келісті.

 Алматыда танымал білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Фото: threads.com/@aizh.baby

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков «Пифагор», «JUZ40», «Самға», «Достық», «Зерделі» және басқа да танымал орталықтармен онлайн-кездесу өткізді.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелер – Tesla Education төңірегіндегі жағдайдан зардап шеккен үш мыңнан астам оқушы мен ата-ананы қалай қорғауға болатыны және мұндай оқиғалардың алдын алу жолдары.

Білім орталықтары ортақ шешімге келе алды. Шығынға ұшыраған отбасылардың балаларын өзара бөліп, ҰБТ-ға және басқа да пәндер бойынша тегін дайындауды мойнына алды. «Зерделі», «Пифагор» және «JUZ40» орталықтары бұған дайын екенін растады. Бар талап – ата-ананың төлем жасағанын дәлелдейтін түбіртек.

Сонымен қатар, мәселенің жүйелі проблемалары бар екені де айтылды. Алты ай, бір жыл бұрын оқу үшін алдын ала төлем алу білім беру орталығының ата-аналар қаражатын қайтара алмауына алып келген негізгі себеп болған.

Кездесуде бірнеше ұсыныс көтерілді:

* ұзақ мерзімді алдын ала төлемді заңмен шектеу;

* әр білім орталығында міндетті өтемақы қорын құру;

* сала ішінде ортақ стандарттары бар өзін-өзі реттеу жүйесін қалыптастыру.

-Қазір жекеменшік білім беру саласында нақты ереже жоқ. Ретттеу жоқ, стандарт жоқ, ата-ананы қорғайтын тетік жоқ. Сондықтан Tesla Education жағдайы қайталануы мүмкін. Саланы екі жол күтіп тұр: лицензиялау немесе өзін-өзі реттеу. Орталықтар ата-ананы да, өз беделін де қорғау үшін өзін-өзі реттеуге дайын. Біздің міндет – ұсыныстарды жинап, тиісті органдарға жеткізу, – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құпеков.

-Сенім білдірген ата-аналарға да ризашылық білдіреміз. Отбасылар мен оқушылардың мүддесін қорғайтын жүйелі шешімдерді іздеу жолын жалғастыра береміз,-делінген хабарламада.

Алматыда танымал білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар