«Тестілеуден «төңкеріс» жасау кімге тиімді?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға екі күндік ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевты қабылдады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстан - Қырғызстан: Жаңа стратегиялық әріптестікке соны қадам» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, Мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесулерінен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер әрі қарай жалғасты. «Кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан мен Қырғызстан президенттері энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, кен байыту, өңдеу өнеркәсібі, туризм және басқа салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары уәкілетті органдарға биылғы жылы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесін және Қазақстан, Қырғызстан үкіметаралық кеңесін өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп, оларды белгіленген уақытында өткізуді тапсырды», - деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін рынок субъектілерінің инвестициялық қызметін реттеуге бағытталған заң жобасы қаралды. Депутаттардың ұсыныстары бойынша «электр энергиясына арналған шекті тариф», «электр қуатының әзірлігін қолдау бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шекті тариф», «электр қуатының нарығы» деген ұғымдар енгізіліп, Үкіметтің 2016 жылдан бастап электр энергиясына арналған шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін қолдау бойынша көрсетілетін қызметке арналған шекті тарифті бекітуі нақты регламенттелген. Мақала басылымның бүгінгі санында «Басты мақсат - инвестицияны ашық ету» деген тақырыппен берілді.
***
Күнделікті тұтынуға ыңғайлы, жылдам дайындалатын қаптамадағы шайлардың өзіндік зияны да бар екен. Бұған әлем дәрігерлері көз жеткізді. Вашингтон университеттік медицина мектебінің ғалымдары адам денсаулығының қауіпсіздігі үшін шағын қаптамадағы қайнатылған шайды күніне 5 кеседен артық қабылдауға болмайды деп ескертеді. Себебі фтордың шоғырлануы, бойымыздың ықтималды шамасын жоғарылатып жібереді және денсаулықтың бұзылуына сеп болады. Бұл туралы тереңірек білгіңіз келсе «Айқын» газетіндегі «Қаптама шай қауіпті ме?» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.
«Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Өзбекстанда және Қазақстанда 11 қыз-келіншекті өлтірді» деген күдікпен Өзбекстанның екі азаматын құрықтады. Қылмыстық топтың үшінші мүшесі іздестірілуде» деп жазады «Айқын» газеті «Қарақшылар құрықталды» деген тақырыптағы мақаласында. Алдын ала жүргізілген тергеу шаралары барысында қолға түскен күдіктілердің өткен жылғы желтоқсан айынан бергі уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 25 және 54 жас аралығындағы төрт қыз-келіншекті өлтіргендігі анықталды. Күдіктілер буындырып өлтірген адамдардың мәйіттері Алматы - Ташкент күре жолы бойынан табылды. Сондай-ақ күдіктілерден алынған сұрақ-жауап барысында олардың кезекті құрбандарды Шымкент қаласының темір жол вокзалынан пойыздан күтіп алып, оларды «таксист қызметін көрсетеміз» деп алдағандығы белгілі болды.
***
Кешенді тестілеудің биылғы «жөнсіз» жаңалығы өткен жолы Сенатты бір сілкіндіріп еді. Мәжілістің депутаттарын да бұл жаңалық селт еткізді. Басты мәселе - колледж бітірушілерді де кешенді тестілеуге кіріктіріп жіберудің салдарынан болатын олқылықты жою. Сөйтіп, халық қалаулылары Білім және ғылым министрлігінің ағаттығын бетіне басып, колледж түлектерінің құқын қорғауға тырысып-ақ жатыр. Алайда олқылық оңалып орнына келе қоятын түрі көрінбейді. Өйткені үміткерлер үшін болатын үлкен сынаққа азғантай уақыт қалғанымен, ресми министрлік әлі де «қыңқ» еткен жоқ. Мақаланың түп-төркінін «Алаш айнасы» газетіндегі «Тестілеуден «төңкеріс» жасау кімге тиімді?» деген тақырыптан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы Мүсірәлі Өтебаевпен арадағы сұхбат «Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ» деген тақырыппен берлген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономиканың «нәтижелерін» айту емес, оның көлемін одан әрі арттырмау үшін тосқауыл қою шараларын жетілдіру. Істелген қылмыстың нәтижесімен күресуден гөрі, қылмысты болдырмау, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ, сондықтан да алдыменен мемлекеттік деңгейде көлеңкелі экономиканы дәлме-дәл бағалау мәселесін шешу қажет», - дейді.