The Times: Лондон Вашингтонмен барлау деректерін алмасуды уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Британдық барлау қызметтері мен әскери құрылымдар АҚШ-қа Кариб теңізіндегі кемелердің қозғалысына қатысты барлау мәліметтерін беруді тоқтатты. Бұл туралы The Times газеті хабарлады. Бұған дейін осыған ұқсас ақпаратты америкалық CNN телеарнасы да өз дереккөздеріне сілтеме жасап таратқан.

Лондон Вашингтонмен барлау деректерімен алмасуды уақытша тоқтатты
Фото: The Times

Газеттің аты-жөні аталмаған дереккөзі хабарлағандай, бұған дейін британдық тарап америкалық әріптестеріне есірткі тасымалдауы мүмкін қайықтардың координаттары мен олардың бортындағы адамдардың саны жөнінде мәлімет беріп келген.

Басылымның мәліметінше, Ұлыбританияның Корольдік әскери-теңіз күштері Кариб аймағында есірткі контрабандасына қарсы операциялар жүргізіп келеді, бірақ олардың тәсілі АҚШ-пен салыстырғанда өзгеше.

«Біз кемелерді басып алып, ондағы адамдарды өлтірмейміз. Біз оларды ұстаймыз», деді газетке сұхбат берген британиялық флоттағы дереккөз.

Ұлыбритания үкіметі барлау деректерімен алмасуды тоқтату туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. The Times-тың жазуынша, әзірге бұл шешімге АҚШ тарапынан қандай да бір шаралар қабылданған-қабылданбағаны белгісіз. Вашингтон бұған дейін Ұлыбританиямен Украина және өзге де бірнеше аймаққа қатысты барлау ақпараттарымен бөлісіп келген.

Басылым еске салғандай, өткен жылдың қыркүйегінде Ұлыбритания Корольдік Әскери-теңіз күштерінің HMS Trent патрульдік кемесі алғаш рет Кариб теңізінде есірткі контрабандистерінің сүңгуір қайығын тоқтатып, 160 миллион фунт стерлингке (210 миллион доллар) бағаланған кокаинді тәркілеген. Операция Доминикан Республикасынан 190 теңіз милі қашықтықтағы оңтүстікте АҚШ жағалау күзеті мен америкалық патрульдік ұшақтың қатысуымен өткен. Нәтижесінде он бір күдікті ұсталған.

Еске сала кетсек, АҚШ әскері Тынық мұхитында есірткі тасыған төрт кемеге соққы жасады

Жуырда Ұлыбританияда әскери тікұшақ өндіретін соңғы зауыт жабылуы мүмкін екенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар