Тибет әлемінің қақпасы: Ганьнань Қытайдың жаңа туристік бағытына айналып келеді
ҚЫТАЙ. ГАНЬНАНЬ. KAZINFORM — Қытайдың өңірлік дамуы туралы сөз болғанда, көбіне зауыттар, жүйткіген пойыздар немесе технологиялық алпауыттар ойға оралады. Алайда бүгінде мәдениет те экономикалық өсімнің маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Ганьсу провинциясындағы Ганьнань-Тибет автономиялық округінде ұлттық дәстүрлер, қолөнер мен рухани мұра туристерді тартып қана қоймай, өңірлік дамудың маңызды ресурсына айналған.
Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды туған өлкесінде тұрақтандыруға және туристік ағынды арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті. Өйткені еліміз де креативті индустрияны дамытуға, ішкі туризм әлеуетін арттыруға және тарихи-мәдени мұраны экономикалық дамудың бір бөлігіне айналдыруға басымдық беріп келеді. Kazinform тілшісі өңірдің туристік жетістіктеріне шолу ұсынады.
Ұлы Жібек жолы ізімен
Ганьнаньды дәстүрлі туристік бағыттардың қатарына жатқызу қиын. Бұл — Цинхай–Тибет үстіртінің солтүстік-шығысында орналасқан биік таулы өңір. Мұнда көне монастырьлар, көшпелі мәдениет және тибет халқының ғасырлар бойы сақталған дәстүрлері тоғысқан. Өңірді дамытуда жаппай құрылыс салуға емес, тарихи және мәдени мұраны сақтауға басымдық берілген. Көне кварталдар қалпына келтіріліп, монастырьлар рухани қызметін жалғастырып келеді, ал дәстүрлі қолөнерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Негізгі мақсат — туристерге тек көрікті жерлерді көрсету емес, оларды өңірдің төл мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен жақын таныстыру.
Ганьнань — Ұлы Жібек жолының маңызды тармақтарының бірі өткен тарихи өңір. Бұл аймақ ежелден Қытайдың орталық өңірлерін Тибетпен, Орталық Азиямен және Батыс елдерімен жалғаған сауда әрі мәдени байланыстардың торабы болған. Осы жолдар арқылы жібек, шай, жылқы, дәрілік шөптер ғана емес, түрлі халықтардың мәдениеті, діні мен өнері де тараған.
Ганьнань ғасырлар бойы тибет, хань, хуэй, моңғол және басқа да этностардың өзара ықпалдастығы қалыптасқан мекен ретінде ерекшеленеді. Соның нәтижесінде өңірде тибет буддизмі, көшпелі мәдениет пен қытай өркениетінің дәстүрлері тоғысып, өзіндік тарихи-мәдени келбет қалыптасты. Бүгінде бұл мұра көне ғибадатханалардан, ежелгі керуен жолдарының ізінен, ұлттық сәулет өнерінен және жергілікті халықтың салт-дәстүрінен айқын көрінеді.
Қазіргі таңда Ганьнань тарихи мұрасын табиғи туризммен ұштастырып, халықаралық туристерді тартатын маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Аймаққа келген саяхатшылар бір сапарда-ақ Тибет мәдениетімен танысып, Цинхай–Тибет үстіртінің қайталанбас табиғатын тамашалай алады. Туристер тибет буддизмі ілімін зерттейтін ірі орталықтардың бірі саналатын әйгілі Лабранг монастырь кешенін аралап, Саңке жайлауы мен Ганьцзя ұлттық геопаркінің көркем табиғатын тамашалайды.
Лабранг — тибет буддизмінің рухани орталығы
Ганьнаньның ғасырлар бойғы мәдени мұрасын айшықтайтын басты орындардың бірі — Сяхэ ауданында орналасқан Лабранг монастырь кешені. XVIII ғасырдың басында негізі қаланған бұл қасиетті мекен — тибет буддизмінің Гелуг мектебіндегі 6 ірі рухани орталықтың бірі. Лабранг Қытайдағы ғана емес, әлемдегі тибеттану бағытындағы маңызды мәдени және ғылыми орталықтардың бірі саналады. Мұнда жыл сайын мыңдаған зерттеуші мен турист келіп, тибет өркениетінің рухани мұрасымен танысады.
Ғасырлар бойы Лабранг ғибадат орны ғана емес, білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың ошағы болып келеді. Оның қабырғасында буддистік философия, медицина, астрономия, тіл білімі мен діни ілімдер зерттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан көне білім жүйесі сақталған. Монастырь кітапханаларында тибет тіліндегі сирек қолжазбалар мен діни еңбектер жинақталған. Кешеннің сәулеті де ерекше әсер қалдырады. Қызыл және алтын түстермен көмкерілген ғимараттар, тау бөктеріне үйлескен ғибадатханалар, монахтардың тыныш ырғақпен өтетін күнделікті рәсімдері келушілерге Тибет мәдениетінің табиғи болмысын сезінуге мүмкіндік береді.
Әсіресе, Лабрангтың ең әсерлі нысандарының бірі — алып дұға барабандары орналасқан зал. Тибет буддизмінде бұл барабандарға қасиетті мантралар жазылады. Сенім бойынша, барабанды әр айналдырған сайын жазылған мантраны бір рет оқығанмен тең рухани сауапқа ие болады. Сондықтан келушілер үлкен барабандарды баяу айналдырып, ізгі тілек тілеп, жан тыныштығын іздейді. Үнемі қозғалыстағы бұл барабандар Лабрангтың рухани тынысын сездіретін ерекше нышанға айналған.
Монастырь аумағында кең таралған тағы бір дәстүр — ғибадатхананы айналып, дұға ету рәсімі. Жергілікті тұрғындар мен монахтар қасиетті орындарды айнала жүріп, ойларын жинақтап, рухани тазаруға ұмтылады. Бұл дәстүр Лабрангтың тек тарихи ескерткіш емес, бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқан рухани мекен екенін көрсетеді.
Тибет жайлауындағы малшылар өмірі
Ганьань аумағында Азиядағы ірі табиғи жайылымдардың бірі орналасқан. Алғаш қарағанда Тибет жайылымдары Қазақстаннан тым алыс жатқандай көрінеді. Алайда мұндағы малшылардың тұрмыс-тіршілігі қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығымен қатты ұқсас. Ұшы-қиыры көрінбейтін жайлау, маусымдық көшіп-қону, адам мен табиғаттың және төрт түліктің арасындағы үйлесім — бәрі де қазақ даласының тынысын еске салады.
Ганьань аумағындағы Саңке жайлауы — ғасырлар бойы тибет халқының дәстүрлі мәдениеті мен көшпелі өмір салты сақталған, діни және этномәдени шаралар өткізілетін маңызды мекен болып келеді. Теңіз деңгейінен 3 мың метрден астам биіктікте жатқан бұл мекенді таулар қоршап жатыр. Мұнда климат салқын әрі ылғалды, ал табиғи жайылымдар мал шаруашылығын дамытуға қолайлы.
Жайлауда төрт мыңнан астам малшы дәстүрлі өмір салтын жалғастырып келеді. Олар негізінен сарлық, қой және жылқы өсіреді. Әсіресе сарлық — таулы өңір халқының тұрмысында ерекше орын алатын түлік. Оның сүті мен етінен ұлттық тағамдар дайындалады, жүні мен түгі тұрмыстық бұйым жасауға пайдаланылады. Биік таулы, қатал климатқа жақсы бейімделгендіктен, сарлық Цинхай–Тибет үстіртіндегі мал шаруашылығының негізгі түліктерінің бірі саналады. Жергілікті халық оны ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің бір бөлігі деп қабылдайды.
Соңғы жылдары Саңке жайлауында дәстүрлі шаруашылық туризммен ұштасып келеді. 2024 жылы бұл аймақ Қытайдағы AAA деңгейлі ұлттық туристік орын мәртебесін алды. Бүгінде кей отбасылар этно-қонақүйлер ашып, ұлттық тағамдар ұсынып, туристерге көшпелі өмір салтымен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Саяхатшылар атқа мініп, тибет шайынан дәм татып, сарлық сүтінен жасалған өнімдерді жеп, жергілікті малшылардың күнделікті тіршілігімен таныса алады. Осылайша Саңке жайлауы табиғи мұра мен дәстүрлі шаруашылықты ұштастырып, туризмді жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды бағытқа айналдырып келеді.
Өңір тек жазғы маусыммен шектелмей, қысқы туризмді де дамытуға көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты жергілікті билік «Мұзды Ганьнань» атты қысқы туристік бағытты қалыптастырып келеді. Қыс мезгілінде туристер тау шаңғысымен сырғанап, табиғат аясында фотосаяхат жасап, этноқонақ үйлерде тибет халқының тұрмысымен және дәстүрлерімен таныса алады. Осылайша Ганьнань жазғы экотуризммен қатар, қысқы демалысқа да қолайлы көпқырлы туристік бағытқа айналып келеді.
21 ауылға жан бітірген жол
Бүгінде Ганьнанда ұзақ мерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылып, экономика, туризм, экология және әлеуметтік саланы қатар дамытуға басымдық беріліп келеді. Жергілікті билік экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын қалыптастыруға ерекше мән береді.
Мәселен, Ганьнань-Тибет автономиялық округінің Чжоуцюй ауданындағы туристік жол 21 көне ауылды, 8 табиғи экологиялық аймақты және ондаған мәдени мұра нысандарын байланыстырады. Бұрын тау арасындағы бұл елді мекендер көпшілікке белгісіз болып, туристер де сирек келетін. Сондықтан көптеген тұрғын табыс табу үшін туған жерін тастап, сырттан жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Жергілікті билік жолды жаңғыртып, автотуризмге арналған көркем маршрутқа айналдырғаннан кейін өңірге келетін туристер саны күрт артты. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары қонақүйлер, агротуризм нысандары мен қолөнер шеберханаларын ашып, жастар туған жеріне қайта орала бастады.
Жиырмадан астам ауылдың өмірін өзгерткен бұл бағыт «Гүлді шаш қыстырғыш жолы» (Zānhuā Zhīlù) деп аталады. Оның атауы тибет әйелдерінің шашын тау гүлдерімен безендіру дәстүрімен байланысты. Ұзындығы 137 шақырым болатын маршрут бойында туристер табиғаттың төрт мезгілдегі көрінісін тамашалап, тибет ауылдарының тұрмысымен танысып, халықтық фестивальдерге қатысып, жергілікті тағамдардан дәм тата алады. Бүгінде «Гүлді шаш қыстырғыш жолы» туралы интернеттегі жарияланымдар мен бейнематериалдардың қаралымы 100 миллионнан асып, бұл бағыт Ганьсу провинциясындағы жаңа мәдени-туристік нысандардың біріне айналған. Оның басты жетістігі — шалғайдағы ауылдарға жаңа тыныс беріп, жергілікті халықтың табысын арттыруы болып отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау арқылы отбасылық қонақүйлер, қолөнер шеберханалары, гастрономиялық жобалар мен мәдени фестивальдер дамып келеді. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар туристік процестің сыртқы бақылаушысы емес, толыққанды қатысушысына айналып отыр. Бұл дәстүрлі кәсіптердің сақталуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Қытай тәжірибесі мәдени туризмді дамыту тек қонақ үйлер мен жол салумен шектелмейтінін көрсетеді. Бұл бағытта тарихи-мәдени мұраны сақтау, қолөнершілерді қолдау, мамандар даярлау, цифрлық сервистерді енгізу және шағын бизнесті дамыту секілді шаралар кешенді түрде жүзеге асуы маңызды. Ұлы дала өркениетінің бай тарихы мен бірегей мұрасына ие Қазақстан үшін бұл тәжірибе дәстүрді сақтап, заманауи туристік кластерлерді қалыптастырудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады.
Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы табиғаты ерекше аудандардың бірі — Қатонқарағайға саяхат жөнінде жазған едік.