Қытай-Непал шекарасындағы алапат сел: қазақстандық турист хабарсыз кеткені белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дипломаттар Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат болған аумақта туристік топ құрамында жүрген Қазақстан азаматының қайда екенін анықтап жатыр.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.
— Алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекарадан өткен. Қазіргі уақытта азаматымыздың қайда екені белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, — деді Жанболат Үсенов.
Бұған дейін ҚР СІМ Непалдағы зардап шеккендер қатарында Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлаған еді.
27 тамыздағы мәлімет бойынша, екі елде мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың арасында жүздеген шетелдік турист пен діндарлар бар.