TikTok балағат сөздер бар контент саны бойынша көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы екі жылда онлайн-платформалардан балағат сөздер бар 161 материал анықталды. Өшірілген контент саны бойынша TikTok көш бастап тұр. Бұл туралы Kazinform сауалына жауап берген Ақпарат комитетінің төрағасы Әлішер Мұқажан айтты.
Спикердің айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 10 тамызға дейін жүргізілген мониторинг барысында балағат сөздер кездесетін 161 материал анықталған. Оның 66-сы былтыр, 95-і биыл тіркелді.
– 2026 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша 2025–2026 жылдары анықталған материалдардың ішінен 62 құқыққа қайшы материал жойылды. Оның 47-сі TikTok платформасына тиесілі, - деді Әлішер Мұқажан.
Қалған платформалардағы көрсеткіш айтарлықтай төмен. Instagram-нан 5, Telegram мен YouTube-тан 3 материалдан өшірілген. Facebook-та – 2, Threads пен OK платформасында бір-бір материалдан жойылған.
– Министрлік масс-медиа өнімдері мен онлайн-платформаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, заң талаптарының сақталуын бақылайды. Заң бұзушылық анықталған жағдайда заңсыз материалдарды интернет-ресурстар мен онлайн-платформалардан алып тастау бойынша шаралар қабылданады, - деді ол.