TikTok пен YouTube Ұлыбританияда жасөспірімдер үшін әлі де қауіпті деп танылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда TikTok пен YouTube платформалары балалар үшін жеткілікті деңгейде қауіпсіз емес деп бағаланып отыр. Бұған кәмелетке толмағандарға зиянды контент ұсынуы мүмкін алгоритмдер себеп болған, деп хабарлайды Анадолы.
Бұл туралы британдық байланыс саласын реттеуші Ofcom жариялаған есепте айтылған.
Құжатқа сәйкес, платформалар балаларды қорғау бағытында елеулі өзгерістер енгізбеген. Ал олардың алгоритмдері әлі де жасөспірімдерге ықтимал зиянды контентті ұсынуы мүмкін.
Бұған дейін реттеуші Meta, Roblox, Snap, TikTok және YouTube секілді ірі әлеуметтік желілерден сәуір айына дейін балаларды қорғау шараларын күшейтуді талап еткен.
Meta, Roblox және Snap қосымша қауіпсіздік құралдарын енгізуге келіскен.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, 11–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 70%-ы қорқынышты немесе зиянды контентке тап болғанын айтқан. Алайда олардың тек 15%-ы бұл туралы ересектерге хабарлаған.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 51%-ы фото, паспорт немесе басқа құжат арқылы жасын растауға мәжбүр болғанын мәлімдеген.
Еске салсақ, бұған дейін ЕО Meta-ны әлеуметтік желілерде балаларды қорғау ережелерін бұзды деп айыптады.