TikTok-тағы әрекеті үшін қазақстандық стример психикалық денсаулық орталығына жатқызылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысы Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Касымова TikTok желісінде «Алтын қыз» деген атпен танымал. Ол тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, стрим кезінде Лайло Қасымова кәмелетке толмаған балаларына да дөрекі сөздер айтқан.
— Ескерту жасалғанына қарамастан, әйел мұндай әрекетін жалғастыра берген, — деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Осыдан кейін 41 жастағы әйел психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Полиция оның балаларының тұрмыс жағдайын да тексерген. Қазір балалар әкесінің қарауында.
Айта кетейік, бұған дейін, TikТok-тағы тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқан қызылордалық бойжеткен жазаланғанын жазған едік.