«Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 7-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
2010 жылғы тамыздың 11-інде қасиетті Рамазан айы басталады. Рамазан - Алла тағаланың мейірім нұры жауатын, шарапаты мол, ізгі ниетті іске сауабы көп, жыл он екі айдың ең қадірлісі. Бұл айда Алланың рахымынан үміт ете отырып ораза ұстап, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфтиі Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің мақаласы жарық көрді. «Ораза - мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан мұсылмандар бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір оғаш іс-әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне "Мен оразамын" деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді. Бұл айда мүмін-мұсылмандардың көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с.): "Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес", деген ескертулері жаңғырып тұрады», делінген.
«АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд Астана қаласындағы локомотив депосында болды. Онда елші депо жұмысымен қатар, қазақстандықтардың темір жол саласын дамытудағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарымен де танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. 2006 жылдың қыркүйегінде ҚТЖ (Қазақстан Темір Жолы) компаниясы GE-ге құны 650 миллион доллар болатын Evolutіon сериялы 310 локомотивке тапсырыс берген болатын. Пенсильванияның Эри қаласындағы GE Transporatіon зауытында құрастырылған 10 локомотив ТМД-да дизельді-электрлі локомотивтердің тұңғышы болып табылады. Ал Астанадағы JSC локомотив депосы қалған 300 локомотивті құрастыру үшін АҚШ-та шығарылған бөлшектерді пайдаланбақ. Толық қуатына көшкен қазақстандық кәсіпорын 600 адамды жұмысқа тарту арқылы жылына 100 локомотив жинайтын болады. 2009 жылы желтоқсанда GE қазақстандық кәсіпорында құрастырылған Evolutіon сериялы локомотивтердің алғашқы партиясын шығаруды қолға алды.
***
Қоғамымызда дендеп бара жатқан дерттің бірі - нашақорлық. Бүгінде елімізде есірті заттарын қолданылатындардың саны 53 мыңнан асып кеткен көрінеді. Демек, алаңдайтын-ақ жайт. Осы мәселеге назар аударған «Алаш айнасы» газеті сенбілік нөмірінде «нашақорларды қылмыстық жазаға арту керек пе?» деген сауалды мамандар назарына ұсынған екен. Сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Амангелді Момышев «нашақорларды қылмыстық жазаға тартуды толығымен қолдаймын. Себебі соңғы кездері Қазақстанда есірткі пайдаланушылар саны күрт өскен. Оларды емдеу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмаса, амал жоқ, қатаң шараларға баруға тура келеді» десе, заң ғылымының кандидаты Ғабиден Жайлин «есіркіге еліткендерді қылмыстық жазаға тарту арқылы олардың санын азайтуға қол жеткіземіз деу дұрыс емес. Емдеу арқылы оларды азайта алмай отырғанда, түрмеге тоғыту арқылы олардың санын одан сайын өршіту алуымыз әбден мүмкін», деп өз пікірін алға тартады.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында АҚШ-тың Индиана университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Уильям Фиерманмен арадағы сұхбат «Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «мен Моңғолияда болдым. Былай қарасаңыз, Моңғолия Қазақстан сияқты бай мемлекет емес. Бірақ Моңғолияның кітап дүкендерінде балаларға арналған оқулық-кітаптар өте көп. Қазақстандағы жағдайды мұнымен салыстыруға да келмейді. Мемлекет балаларға арналған сапалы кітаптардың шығарылуына мүдделі болуы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда қазір шығып жатқан кітаптардың бағасы өте қымбат. Сапасыз оқулықтар мен сөздіктер, білікті мамандардың жетіспеушілігі қазақ тілінің беделін түсіріп, оның мазмұндылығына, шұрайлылығына күмән келтірушілердің қатарын артырып отыр», депті. Сұхбаттың толқы нұсқасын оқығыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
Үстіміздегі жылдың 2 тамызында Ресейдегі Омбы облысының Тоқалы ауданындағы Бекішев ауылында сібір жарасы тіркелгені туралы жарыса жазған ресейлік басылымдар «бұл оқиғаға Қазақстанның қатысы бар» деп жариялап үлгерді. Ал кеше еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бұл байламды жоққа шығарып, баспасөз мәслихатын өткізді. «Осы ақпараттан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі өз зерттеуін жүргізді. Соңғы үш жылдан бері Ресей тарапынан Омбы облысына немесе Ресей Федерациясының басқа аудандарына жылқы малы мен жылқы етін алып шығуға рұқсат берілген емес. Оның үстіне Ресейде жылқы малына немесе оның етіне деген сұраныс өте төмен. Омбыда жылқы малы біздің елмен салыстырғанда арзан болғандықтан, Қазақстаннан жылқыларды алып шығу экономикалық жағынан да тиімсіз. Сібір жарасы аусыл немесе басқа да мал аурулары секілді шекара арқылы тарамайды. Бұл - аурудың алдын алатын екпенің уақытында жасалмауынан пайда болатын ауру. Ал Омбы облысындағы шаруа қожалығындағы малдар осы ауруға қатысты дер кезінде егілмеген», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің басқарма бастығы Ақын Есболаев. Бұл жайында кеңірек «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.
«Дәл бүгін қазақ әдебиетін әдеби сыйлықтың әлегі билеп тұр деуге болады. Екі жылда бір берілетін Мемсыйлықтың жыры әлі таусылар емес. Жұмекен мен Шәмші марқұмдардың көріне дейін шулаттық. Қытайдағы Қажығұмар ақсақалға «Мемсыйлық бермейді екен, онда өзіміз соған парапар сыйлық тағайындаймыз» деп біразымыз дүрліктік. Осының бәрі неден шығып жатыр? Әрине, сыйлықтан. Жұрттың бәрі Нобель сыйлығынан бас тартқан Лев Толстой деймісіз? Болмаса, Мемсыйлыққа өмірі иек артып көрмеген Мұхтар Шаханов сынды болу да екінің бірінің қолынан келер ме?», деп жазады «Айқын» газеті «Әдеби сыйлықтың әлегі» деген тақырыппен басылған мақаласында. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі санына назар салыңыз.
«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаровпен арадағы сұхбат «Бірліктің де, тірліктің де тілі бар» деген тақырыппен жарық көрді. Осыдан біраз күн бұрын үкімет қабырғасында талқыға салынған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде өрбіген екуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.