Тіл комитеті мен «Парасат» орталығының қызметкерлері 10 млн.-ға жуық қаржыны ұрлағандары үшін шартты түрде сотталды

Тіл комитетінің қызметкері Қ.Жақыповаға және «Парасат» ақпараттық-талдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің есепшісі М.Камшилинаға қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады.
Қаржы полициясы баспасөз қызметінің хабаралуынша, олар өздерінің қызмет бабын пайдаланып, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдiстемелiк орталығының түрлі шараларды (конференциялар, жарыстар, т.б.) өткізу үшін бөлінетін қаражаттарын іс жүзінде орындалмайтын келісімшарттар жасау жолымен ұрлау мақсатында қылмыстық жоспар құрып, мемлекетке 9,5 млн. теңге сомасына залал келтірді.
Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен Қ.Жақыпова ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы), 176-бабы 3-бөлігі «б», «г» тармақтары (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Ал М. Камшилина ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы) 176-бабы 3-бөлігі «б» тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.