Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытуға басымдық берілуі керек - Премьер-Министр
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытуға басымдық берілуі керек. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада Алматыда мемлекеттік тілді дамытуға арналған үлкен жиын болды. Сол жерде тілдерді дамытудың онжылдық бағдарламасы туралы жақсы ой-пікірлер айтылды. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындалады. Осы бағдарламада мемлекеттік тілді дамытуға басымдық беру керек», деді алқада Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, бағдарламаны дайындау барысында зиялы қауыммен барлық қоғамдық ұйымдардың ұстанымдары ескерілуі керек. «Мемлекеттік тіл мәселесі елдік мұратқа айналуы тиіс», деді Үкімет басшысы.