«Тілдік талап әуе кеңістігінде де сақталуы керек» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тілдік талап әуе кеңістігінде де сақталуы керек» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан»
газетінің жазуынша, кеше Астанада ұлттық спорт түріміздің бірі - көкпардан тұңғыш рет ашық Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл бәсекеге біздің елден басқа Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Ре­сей мен Қытай елдерінің ұлттық құрамалары қатысуда. Азия чемпионаты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Астананың маңындағы «Қазанат» атшабарында өтуде. Чемпионат төрт күнге созылып, 15 қыркүйекке дейін өтеді. Осы күні финал­дық сында екі мықты коман­да өзара Азия чемпионын анық­тайды. «Қазір бұл мәртебелі атақ­ты қай елдің командасының жеңіп алатынын айту қиын. Деген­мен, басқа құрамаларға қара­ғанда, Қазақстан мен Қырғыз­станның Азия чемпионы атануға мүмкіндігі көп делінуде. Оны өзге елдердің құрамалары да жа­сыр­майды. Ал Қазақстан мен Қыр­ғызстан көкпаршылары қазір­дің өзінде финалдық сында кездесуге алақандарын ысқы­лап дайындалып жатқан сияқ­ты. Оған дәлел ретінде кеше чемпионаттың алғашқы күні ұлттық құрамамыздың Тәжікстан командасын 9:3, Қырғызстан көкпаршыларының Өзбекстан құрамасын 11:1 есебімен жең­генін айтуға болады. Осы күні Ресей мен Қытай елдерінің өкіл­дері де қарсыластарын айқын ба­сымдықпен ұтты. Ресей Моң­ғо­лияны 13:0, Қытай Түркияны 8:0 есебімен жеңді»,- деп жазады басылым.

***

Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдап, әуежайлар мен әуе компанияларында жолаушыларға қызмет көрсетудің ақпараттық стандарттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударып, тиісті жұмыстар атқаруды тапсырған еді. Күні кеше Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен әуежайлар мен әуе компаниялардың өкілдері қатысқан отырыс өтіп, онда жыл аяғына дейін қазақстандық әуе компанияларында қызмет ететін барлық жолсеріктерінің мемлекеттік тілді білу деңгейіне байланысты сынақтан өтетіні белгілі болды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Тілдік талап әуе кеңістігінде де сақталуы керек» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

***

Кітапты - «адамның рухани азығы» дейміз. Расында, кітап болмаса, тілдік қорың түгесіліп, рухани азатының анық. Осылайша рухани тозбас үшін кез келген жан жазушылардың асыл сөзіне, құнды ұлағаты сақталған туындыларға жүгінеді. Алайда адамды рухани құлазудан, құлдыраудан шығаратын қасиеті бар кітаптардың арасында зияндысы да болады екен»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Теріс тәрбиелейтін туындылар» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Америка және Ресей зерттеулерінде ең зиянды кітаптардың көшін - фашистердің басшысы Адольф Гитлердің «Менің күресім» («Mein Kampf») кітабы бастайды. Америкалықтар бұл еңбекті «нәсілдік теория мен шектен тыс ұлтшылдықты насихаттайтын «інжіл» іспетті» деп бағалаған. Ал одан кейінгі зиянды авторлар ретінде Карл Маркс пен Фридрих Энгельс көрсетілген. Феминизмді насихаттайтын жағымсыз кітаптардың қатарына Мария Арбатованың «Мен қырық алты жастамын» туындысы мен америкалық жазушы Бетти Фриденнің «Әйел құпиясы» атты еңбегі енген. Ал адамды анайылыққа итермелейтін эротика мен порнографияның зиянды еңбектер қатарына кірері сөзсіз. Міне, туындыларында осындай «элементтер» бар америкалық жазушы Альфред Кинси мен орыс жазушысы Владимир Сорокиннің кітаптары зияндылар қатарында екен. Джон Дьюидің «Демократия және білім» атты еңбегі де қара тізімге еніп кетіпті.

***

Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданы басшысының міндетін атқарушы шенеунік жайсыз оқиғаға душар болды. «Экспресс К» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Ворон ворону глаз не выклюет» деген тақырыптағы мақалаға қарағанда, шенеунік жемқорлыққа басы шатылған ауыл әкімдерін жақтап шыға келген көрінеді, сол үшін айыппұл төлеуге де мәжбүр болған.

***

«Время» газетінің жазуынша, Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Илья Пьянзин Мәскеу қалалық сотының үкімімен Ресей Президенті Владимир Путинге қастандық жасауға кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. БАҚ өкілдерінің асыға күткеніне қарамастан соттың тергеу амалдары тым қысқа болып, дәлелдері зерделеусіз әрі куәгерлерден жауап алынбай ерекше тәртіппен өткен.