Тілешов: Терминологтар халықаралық терминдерді қазақ тіліне қабылдаудың қағидаттарын дайындауы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тіліне шетелден енгізілетін белгілі бір терминнің нақты баламасы табылмаса - оны аударудың қажеті шамалы. Президент Н.Назарбаевтың 10 қаңтардағы Жолдауына қатысты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Елбасы қазақ тілін модернизациялау жөнінде осыған дейін де бірнеше рет айттты. Бұдан бұрынғы Жолдауларында, Қазақстан халқы Ассамблеясында латын әліпбиіне қатысты пікір білдіргенде де осы жайлы атап өткен болатын. 2012 жылы бұл мәселе тағы айтылып, осы Жолдауында нақтыланып отыр. Біріншіден, қазақ тілін заманауи тіл екенін қалыптастыратын кезең келді. Біздің тіліміз ғасырлар бойы дәстүрімізбен, тұрмысызбен, тірлігімізбен байланысты болып келген еді. Енді қазақ халқының тыныс-тіршілігіне жаңа кәсіптер, жаңа салалар келіп, ел тірлігіне жаңа технологиялық жаңалықтар легі енуде. Соған байланысты тіл, әрине, өзгереді», - дейді ол.

Ербол Тілешовтың айтуынша, ендігі уақытта тіліміздің ішкі лексикалық қоры байып, ол терминденеді.

«Елбасы өз Жолдауында халықаралық терминдерге ерекше мән беріп, олардың «аударылмағаны дұрыс» деген пікір айтты. Егер ол терминнің нақты баламасы табылмаса, біздің тұрмысымызда бұрын болмаса - оны біз аудармауымыз қажет. Бірақ, бұл ретте бір мәселені ескеруіміз керек. Терминдердің бәрі осы уақытқа дейін кеңес заманында орыс тілінің заңдылығы бойынша аударылып келді. Біз өз тіліміздің ішкі заңдылығы мен табиғаты арқылы аударманы бере білуіміз керек. Мәселе осында. Сонда тіл өзінің ішкі әлеуетін ашады. Тілдің сөзжасамдық қабілеті артатын болады. Менің ойымша, терминолог ғалымдарымыз халықаралық терминдерді қазақ тіліне қабылдаудың қағидаттарын дайындауы керек. Бір ереже, емлесі дайындалуы тиіс. Әйтпесе, тілдің бірлігі сақталмай, Елбасы айтқан сын да орындалмайтын болады», - дейді Ербол Тілешов.

Ол сонымен бірге сөзін нақты мысалдармен жалғады.

«Мәселен, біз атап жүрген елдің атауларының соңына жалғанатын «ия», «ция» (Англия немесе Франция) секілді мемлекеттер түпнұсқасында бөлек жазылып, дыбысталады. Біз ылғи айтып жүрміз «Rome» деген қаланы біздің «Рим» деп атауымыз, «Nice» деген қаланы «Ницца» деп жазу, «Österreich» деген елді «Австрия» деп жазу дұрыс емес. Қай тілден термин аударылады - соның түпнұсқалық қалпын сақтай отырып, қазақ тіліне, табиғатына байланысты аударуымыз керек. Мәселе осында», - дейді ол.

Ербол Тілешов өз сөзінде қазақ тілді терминологтар -  бір тілді немесе екі тілді ғалымдар екенін, сондықтан, терминология саласында ағылшын, испан, француз тілдерімен санаса отырып, жұмыс жүргізу маңыздылығына тоқталды.

«Терминология мамандарын даярлаған абзал. Оған А. Байтұрсынов атындағы институтттан бастап, барлық университеттердегі тіл мамандары атсалысуы керек. Нақты қағидат дайындалып, белгілі бір жиында бекітіп алуға тиіспіз», - дейді Ербол Тілешов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы жарияланған болатын. Өз Жолдауында Президент «егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» екенін атап өткен еді.

«Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», - деген еді Президент өз Жолдауында.

Соңғы жаңалықтар