Тимофей Скатов Испанияда жарыстың 3-ракеткасын ойсырата ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов Жирона (Испания) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Теннисист Тимофей Скатов
Фото: ҚР ҰОК

Доданы іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 107-нші, осы жарыстың 3-ракеткасы, Боливия өкілі Уго Дельенмен кездесті.

Тимофей Скатов азулы қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен ойсырата ұтты.

Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Дельен 3 эйспен көзге түсті.

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 189-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен шеберлік таластырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Испаниядағы Жирона турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар