Тимофей Скатов Италиядағы челленджер турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 277-ракеткасы Тимофей Скатов Барлетта (Италия) челленджер турнирінің екінші айналымына өтті.

Тимофей Скатов
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 626-орында тұрған корт иесі Андреа Гуэрриримен сынға түсті.

Үш сағат 35 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов қарсыласын 6:4, 4:6, 7:5 есебімен қапы қалдырды.

Тимофей 4 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың 8-ін мүлт жібермеді. Андреа 7 брейкпен (19 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 166-ракеткасы, Аустрия өкілі Филип Мисоличпен таласады.

Тағы бір Қазақстандық, әлемнің 56-ракеткасы Александр Шевченко Марракеш (Марокко) ATP 250 жарысының алғашқы айналымында тағы бір италиялық, кезінде рейтингіде 6-сатыға дейін көтерілген, қазір 135-орындағы Маттео Берреттиниден ойсырай ұтылды - 2:6, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның эйс жасау жөнінен әлемде көш бастағанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар