Тимофей Скатов Сан-Марино турнирінде алғашқы қарсыласын жолдан тайдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 150-ракеткасы Тимофей Скатов Сан-Марино челленджер турнирін сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 321-орындағы франциялық Том Форелмен өткізді.
Бірінші партияда Т.Скатов айқын басымдылық танытты – 6:1.
Тартысты өрбіген екінші сетте де тай-брейкте есесін жібермеді – 7:6 (10:8).
Бір сағат 42 минутқа созылған матчта Скатов 9 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Форел 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 115-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртанен немесе рейтингіде 300-сатыдағы италиялық Филиппо Романоның қай жеңгенімен таласады.
Кеше жаңартылған ATP рейтингісінде Т.Скатов 163-тен 150-орынға көтерілген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде 115-орынға көтерілгенін жазған едік.