Тимофей Скатов Үндістандағы жарыстың ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды. 

Скатов
Фото: ҚТФ

Әлемнің 235-ракеткасы Т.Скатов бастапқыда рейтингіде 427-орындағы аустриялық Нейл Оберляйтерді қапы қалдырды – 6:3, 6:3.

Тимофей екінші айналымда рейтингіде 774-сатыдағы малайзиялық Митсуки Вей Канг Леонгпен жолықты.

Бірінші партия Скатовтың есебіне жазылды – 6:3. Екінші сетте малайзиялық теннисші 4:2 есебімен алға кеткенімен, Скатов таразы басын теңестіре білді – 5:5. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Т.Скатов 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 441-ракеткасы, чехиялық Йонас Форейтекпен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 277-ракеткасы Б.Жұқаев осы додада алғашқы айналымда рейтингіде 398-орындағы корт иесі Ариан Шахты айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2.

Бейбіт екінші айналымда тағы бір үндістандық, рейтингіде 556-сатыдағы Манас Дхамнемен бетпе-бет келді. Бұл жолы Б.Жұқаев 2:6, 6:3, 2:6 есебімен жол берді. Бір сағат 54 минутқа созылған ойында Бейбіт 6 эйс жасап, 2 брейк-пойнттан мүлт кеткен жоқ. Үндістандық теннисші 4 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Қазақстанның екінші, әлемнің 74-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің үшінші айналымынан тыс қалды. Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, украиналық Марта Костюкке есе жіберді – 7:6 (7:5), 1:6, 0:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Брисбен турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина Брисбен турнирінің үшінші айналымына өтті.

Соңғы жаңалықтар