Тимур Бекмамбетов Денис Теннің кино идеясын қалай жүзеге асырғалы жатқанын айтты
«Біздің компанияда «Скрин Лайф» байқауы өткізіліп жатқан кезде Денис Тенмен танысқан едік. Оның жұмысы біздің қызығушылығымызды тудырып, оны тілдесуге шақырдық. Сол кезде Дениспен таныстым. Мені сол кезде оның жұмысымен бірге Денистің адамгершілігі де тамсандырған еді. Себебі, Денистің ашықтығы мен жарқын бейнесі көз алдымда қалып қойды. Ол байқауда жеңімпаз атанып, Денистің ұсынған фильмін қашан және қалай іске асыру керектігімізді ақылдастық та. Қайғылы жағдайға қарамастан, бұл фильм бәрібір жарыққа шығады», - деді Тимур Бекмамбетов.
Режиссер өз сөзінде қазіргі уақытта фильм дайындық сатысында тұрғанын атап өтті.
«Ол фильмнің түсірілім жұмыстары келесі жылдың басында басталады. Қаңтар айынан бастап іске кірісеміз. Фильм ағылшын тілінде түсіріледі. Қазіргі таңда режиссерлерді таңдап жатырмыз. Фильм Америкада шығарылады. Туынды жастар арасындағы махаббатқа негізделген. Бізге қазіргі уақытта Денис Тен қоры қолдау білдіріп отыр. Қор фильмның шығарылуына қатысты қаражаттың жартысын жинады. Яғни, жұмыс жоспарлы түрде алға жылжи береді», - дейді ол.
Тимур Бекмамбетовтің айтуынша, сценарийге өзгерістер тек қор мүшелерінің келісімімен енгізіледі.
«Менің жеке пікірім: бұл фильм коммерциялық өнім емес, естелік ретінде түсірілуі керек. Сондықтан, Денис Тен жасап кеткен туындыны қаз-қалпында жеткізгіміз келеді», - деді ол.
Еске сала кетсек, Тимур Бекмамбетовтің қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің ойластырған жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын бұрын да хабарлаған болатынбыз.