18:39, 31 Шілде 2017 | GMT +5
Тимур Сүлейменов S&P агенттігімен Қазақстан экономикасына шолу жүргізу жайын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Standard&Poor's» халықаралық рейтинг агенттігі өкілдерімен кездесуі барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларындағы, бюджеттік және құрылымдық саясатындағы және қаржылық жүйесіндегі ағымдағы жағдай жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, кездесуге қатысушылар Қазақстанның экономикалық жағдайына шолу жүргізу және тәуелсіз кредиттік рейтингін бағалау мәселелерін талқыға салған.
Standard & Poor's (S&P, толық атауы - Standard & Poor's Financial Services LLC) - қаржы нарығына сараптамалық зерттеулер жасаумен айналысатын америкалық McGraw-Hill корпорациясының еншілес компаниясы саналады. Компания ең ықпалды халықаралық рейтинг агенттіктерінің үштігіне кіреді және америкалық S&P 500 қор индексін құрушы әрі редакторы ретінде де танымал.
Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігі ретінде эмитенттермен қатар жекелеген қарыз міндеттемелері бойынша да қысқа және ұзақ мерімді кредиттік рейтингтер берумен айналысады.