Тимур Турлов FIDE президенті қызметіне кандидатурасын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті лауазымына кандидатурасын ұсынғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
– Ғасырлық тарихы бар федерация бүгінде маңызды таңдау жасау кезеңінде тұр. Осы уақытқа дейін жүріп өткен жолды тоқтатуға немесе жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, оның дамуын жеделдетіп, жаңа серпін беріп, алға жылжу қажет деп есептеймін. Сондықтан Халықаралық шахмат федерациясының президенті қызметіне өз кандидатурамды ұсыну туралы шешім қабылдадым, – деп жазды Турлов.
Бұған дейін Тимур Турлов FIDE президенті Аркадий Дворковичтің командасында ұйым президентінің орынбасары қызметіне кандидат ретінде сайлауға қатысуды жоспарлаған болатын. Алайда 23 шілдеде Дворкович өз өкілеттігін ерікті түрде тоқтатты. Әзірге FIDE президентінің міндетін ұйым басшысының орынбасары, шахматтан 15-ші әлем чемпионы, үндістандық Вишванатан Ананд атқарады. Ал Дворкович жұма күні РИА Новости агенттігіне алдағы сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін FIDE президенті сайлауына ұйымның бұрынғы басшысы ресейлік Кирсан Илюмжинов, сондай-ақ, неміс кәсіпкерлері әрі ірі шахмат турнирлерінің ұйымдастырушылары Вадим Розенштейн мен Ян Хенрик Бюттнер де қатысуға ниетті екенін мәлімдеген.
FIDE президентін сайлау 26 қыркүйек күні Самарқанда ұйымның бас ассамблеясында өтеді. Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президенті төрт жыл мерзімге сайланады.
Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарып келеді. Осы кезеңде Қазақстанда ерлер арасындағы әлем чемпионаты матчы, сондай-ақ, рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты өткізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Гарвард пен Оксфорд шахматшылары Алматыдағы әлем чемпионатына қатысатынын жазғанбыз.