Тың игеру, «хрущевка», Қытайға арналған автозауыт: Kazinform 60 жыл бұрын не жайында жазды
АСТАНА. KAZINFORM – Агенттіктің 105 жылдығына арналған материалдар топтамасын жариялауды жалғастырамыз. Сараптамалық шолушы Владимир Курятов мұрағаттан кеңес мамандарының қатысуымен Қытайда бой көтеретін бірінші автомобиль зауытының құрылысы туралы жазба тапты.

Хрущев жылымығы және қырғи-қабақ соғыс
1954 жылдан 1964 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан өмірі оқиғаларға толы болды. Тың игеру, жүгері эпопеясы, ғарышты игеру, әйгілі «хрущевкалар» құрылысы - бұл оқиғалардың болмашы бөлігі ғана.
Кейінірек «Хрущев жылымығы» деп аталған сол бір уақытта «Сталинге табыну» туралы алғаш рет айтылып, саяси тұтқындарды түрмелер мен лагерьлерден босату, заңсыз сотталғандарды заңды түрде ақтау басталды.
Ел өзгерді, адамдар өзгерді. Республика басшылығына басқару органы қызметкерлерінің жаңа толқыны келді. Олардың арасында Дінмұхаммед Қонаев та бар еді.
КСРО басшысы Никита Хрущевке келер болсақ, ол да өзін жаңа үлгідегі кеңестік көшбасшы ретінде көрсете білді. Ол Нью-Йоркте, Парижде, Берлинде және басқа да көптеген шетелдік астанада болып, саяси жүйенің айырмашылығына қарамастан сенімді серіктес бола алатын жаңартылған КСРО-ны әлемге паш етуге тырысты.
Газеттер біртіндеп идеологиядан арылып, Одаққа шетелдік делегациялар, британдық модельдер, суретшілер мен журналистер жиі келе бастады.
Ақпарат агенттігінің сол бір заман рухына толық сай келетін жазбаларының бірі мынадай. «Ив Монтан сыйлығы» деген тақырыппен берілген ақпаратта әйгілі француз әншісі Ив Монтан мен оның әйелі – әйгілі актриса Симона Синьоренің Кеңес одағына келуі (1957 жылғы 13 қаңтар) туралы айтылады.
Олардың одаққа келуі тіс технигі Яков Ильич Готман отбасындағы маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Оның әйелі Наталья Павловна сол күні егіздерді – ұл мен қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Қарағанды поштасынан Мәскеуге Ив Монтан мен Симона Синьореге жеделхат келіп түсті: «КСРО-ға келулеріңіздің құрметіне дүние келген егіздерімді сіздердің есімдеріңізбен атаймын».
Бұдан әрі бірнеше күннен кейін Нижний почтальон көшесіндегі №17 үйге: «Ата-аналарды құттықтаймыз, анасы мен сәбилерге денсаулық, тың күш тілейміз. Назарларыңыз көңілімізге қатты әсер етті. Ив пен Симоне». 11 қаңтарда француз тілінде жазылған қолтаңбасы бар күміс тостағандар салынған пакет жетті. Бірінде – «Симонадан Ивке», ал екіншісінде – «Ивтен Симонеге» деп жазылған.
Кеңес азаматы үшін «өз шекарасы» туралы мұндай әңгімелер жанға шипа еді. Бірақ тұтастай алғанда, бұл халықаралық қатынастардағы ең қиын кезең болатын. Тайвань мәселесі шиеленісе түсті, Кубада төңкеріс болды. Вьетнам соғысы басталып, Африка мен Таяу Шығыс дүрлігін жатты. Әскери төңкеріс бірінен кейін екіншісіне ұласты.
Қызықты дерек: Фашистік Германия тізе бүккеннен кейін 10 жыл өткен соң ғана бұл соғыс заңды түрде аяқталды.
1955 жылы 25 қаңтарда КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының «Кеңес одағы мен Германия арасындағы соғыс жағдайын тоқтату туралы» Жарлығы шықты.
Құжатта: «КСРО Жоғарғы кеңесінің төралқасы Германиямен соғыс қимылдары тоқтатылғаннан бері шамамен 10 жыл өтсе де, Германия әлі де бөліну жағдайында және бейбіт келісімге ие емес, ал герман халқы басқа халықтарға қарағанда теңсіздікте қалып отыр деп санайды», - делінген.
КСРО пайымдауынша, ұзаққа созылған келіссөздердің себебі Батыс Германияны қайта қаруландыру және оның «агрессивті әскери топтарға» қосылуы болды...
1962 жылы Кариб дағдарысы басталды. КСРО мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас шегіне жетті. «Империалистік агрессияны тоқтату», «араб халықтарынан қанды қолыңды тарт», «отарлаушыларды тежеу» сияқты тақырыптар сол уақыттың белгісіне айналды.
Тың игеру
Сипаттап отырған онжылдықта кеңес басшылығы индустрияландыру бағытын жалғастырғанымен ауыл шаруашылығын дамытуда да айтарлықтай бетбұрыс жасады. Сол кездегі мега-жобалардың бірі тың игеру болды.
1954 жылы наурызда Қазақстанда, Сібірде және басқа өңірлерде «астық өндірісін одан әрі ұлғайту, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешім қабылданды. Егер 1953 жылы республикамыздың үлесіне бұрынғы КСРО-ның бидай егіс алқаптарының 11,3 пайызы тиесілі болса, ал 1960 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 пайызға жетті. 1956 жылы Қазақстан алғашқы миллиард пұт (1 пұт 16,3 келіге тең) астық тапсырды.
Сол кездегі қазақстандық БАҚ-тың тақырыптары да бұл жайында сыр береді: «Біз миллиондаған гектар тың жерді игеріп, астық өндірісін арттырамыз!», «Тың жерлерді гүлденген алқаптарға айналдырайық!», «Жаңа жерлерді игеру - біздің жауынгерлік міндетіміз».

Газет мұрағаттарында 1954 жылы ақпанда өткен партияның VII съезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Ф. Кәрібжановтың сөйлеген сөзі кездеседі. Ол былай деп атап өтеді: «Жаңа жерлерді игеру үшін бізге көптеген техника бөлініп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір облыстарға осы техниканың жетуін жеделдету, механизатор кадрларын даярлауды ұйымдастыру, бөлінген қорлар бойынша құрама үйлерді, шатырларды, мұнай ыдыстарын және тағы басқаларын алуды қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданады…»
Ақпарат агенттігінің хабарларында тың игеруге қатысты мәліметтер жан-жақты берілді.
Тың жерлерді игеруге бүкіл қызмет жұмылдырылды. Билік тың игерушілерді жанар-жағармаймен дер уақыты қамтамасыз етуге тырысты.
Бұл тұрғыда Түймазы – Омбы мұнай құбыры желісінің құрылысы туралы ақпарат қызығушылық тудырады. «Оның құрылысы Сібір аудандары үшін де, Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстары үшін де зор маңызға ие, Мұнай тың жерлерді игеру аудандарына өтеді» (1956 жылғы 7 тамыз).
Бұрын-соңды болмаған астықты бір жерде сақтау керек болғандықтан, тиісті инфрақұрылым тың қарқынмен салынды. Қостанай маңында еліміздегі ең ірі элеваторлардың бірінің жедел құрылысы басталды. «Қосымша қоймалары бар ол 22 мың тонна астықты сақтай алады», - деп жазады тілші (1958 жылғы 24 шілде).
1960 жылы Қазақстан кинотеатрларының экранында «Көтерілген тың» фильмінің алғашқы екі сериясының көрсетілімі басталды.
Жүгері мен мал шаруашылығы беделі жайында
Алайда, Қазақстан өмірінде тың жерлерден бөлек тағы бірнеше танымал ауыл шаруашылығы жобасы болды. Солардың бірі – жүгері өсіру.
«Жүгері қазақстандық алқаптардың патшайымы болуға тиіс» деген ортақ атаумен жүгері егуге кіріскен Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері туралы ақпараттық агенттігінің суреті жарияланды «Осы жылы бір миллион тонна жүгері сүрлемін дайындау туралы шешім қабылданды, бұл былтырғыдан екі есе көп» (1958 жылғы 22 мамыр).

Бірақ сол кезде екінші тың деп аталатын тағы бір жоба – мал шаруашылығын дамыту да қызығушылық тудырады.
1963 жылы ақпанда Қазақстанда малшыларының алғашқы республикалық слеті өтті. «Жас шопандардың үлкен кеңесі» (27 ақпан) деген тақырыппен берілген ақпараттық агенттіктің материалында республикамыздың астанасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1 200 жас шопан, мамандар мен ғалым қой өсірушілер жиналғаны туралы айтылды. Слет Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрында өтіп, онда ерекше көзге түскен малшылар марапатталды.
- Марапатталғандардың атынан Гурьев облыстық Махамбет өндірістік басқармасы «Передовик» кеңшарының аға шопаны Сақан Дәулетқалиев сөз сөйледі... Ол жас шопандар Қазақстанның жаңа тың жерлерін тезірек игеру үшін бәрін жасайды деп сендірді, - делінген хабарламада.
Осы орайда айта кетерлігі, бұған дейін аға шопан Сакан Дәулетқалиевке Н. Хрущевтен хат келген болатын.
Онда: «Сіздің тәжірибеңізді, жұмыс әдістерін бүкіл Қазақстанның және елдің басқа аудандарының ұжымшарлары мен кеңшарлары зерттеп, кеңінен қолдануы өте маңызды», - деп жазды КСРО басшысы шопанға.
Мал шаруашылығын дамытуға және шопан кәсібінің мәртебесін арттыруға көп көңіл бөлінді. Ақпарат агенттігі жаңа кадрларды тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығы туралы да хабар таратты.
«Ширек ғасыр бойы Күдебай Исанқұлов Шалқар өндірістік басқармасы Нұра кеңшарында қой бақты. Тәжірибелі малшының орнына оның ұлы Шәріп келді. Ол шопандар курсын бітіріп, әкесінен еділбай тұқымды отарды қабылдап алды. Қазір Шәріп Құдабаевтың отары күйлі, қыстан өлім-жітімсіз шықты. Жақында төлдей бастайды. Жас шопан әр жүз қойдан 125 қозы және әр қойдан үш келі жүн алмақ» (1963 жылғы 6 сәуір).
Агенттіктің келесі жазбасында малшылар қатарының қалай толықтырылып отыратыны жайында хабарланады: «Жамбыл. Мұнда мал шаруашылығында жұмыс істеуге ниет білдірген облыстың орта мектеп түлектерінің алғашқы слеті өтті... 734 түлектің 619-ы ауыл шаруашылығында, оның ішінде 400-і мал шаруашылығында жұмыс істеуге шешім қабылдады, 239 адам шопан болуға шешім қабылдады (1963 жылғы 3 шілде).
Индустрияландыру және Қытаймен достық
Никита Хрущев тұсында ҚХР-мен достық дестанилизация бағытына байланысты біршама нашарлады. Алайда, бұл кенеттен немесе бірден болған жоқ. Алғашқы уақытта кеңестік баспасөзі кеңес-қытай достығын әспеттеп бақты.
1955 жылы ақпанда Кеңес одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, одақтастық және өзара көмек туралы келісімнің бес жылдығына орай көптеген мақала мен жазба жарық көрді.
Агенттіктің фотожылнамасында кеңестік мамандардың қатысуымен салынған Қытайдағы алғашқы автомобиль зауытының құрылысы туралы қызықты факт жазылған. Суреттерді агенттік пен Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі ұсынды. Бұл екі жетекші ақпараттық серіктестің достығы сол уақытта қаланғанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда «Kazinform» пен «Синьхуа» сол дәстүрді үнемі кәсіби байланыста бола отырып әрі бір-бірін әр түрлі бастамаларда қолдау арқылы жалғастырып келеді.
Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында республика өмірінде көптеген маңызды оқиға орын алды. Металлургия дамыды, оның ішінде титан өндіріле бастады, өнеркәсіптің жаңа салалары пайда болды.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін суару құрылыстары белсенді салынды. Бұл тұрғыда олардың ең ірілерінің бірі - 1956 жылы пайдалануға берілген Қызылорда бөгеті туралы айтқан жөн. Оны 20 мыңнан астам құрылысшы, оның ішінде тұтқынға түскен 1 200-ден астам жапон сарбаздары тұрғызды. Құрылысшылар үшін Тасбөгет қалалық үлгідегі ауыл бой көтерді.
1957 жылы 31 шілдеде КОКП ОК және КСРО Министрлер кеңесі «КСРО-да тұрғын үй құрылысын дамыту туралы» тарихи қаулы қабылдады. Республикада көпқабатты тұрғын үй белсенді түрде салына бастады.
1964 жылы Хрущев дәуірі аяқталды. Сол кездегі ресми баспасөзде бұл туралы былай деп жазды: 14 қазанда КОКП Орталық комитетінің пленумы өтті. КОКП пленумы жолдас Н.С. Хрущевтің жасының келуіне және денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты КОКП ОК бірінші хатшысы, КОКП ОК төралқасының мүшесі және КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы міндеттерінен босату туралы өтінішін қанағаттандырды».
Айта кетейік, 2025 жылы 13 тамызда еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі - Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толады.