Тіс дәрігерлері шалғайдағы ауыл тұрғындарын емдеуде - БҚО

Қазталов аудандық ауруханасының стоматолог-дәрігері Лиман Сапарованың айтуынша, өткен жылдың маусым айында келген жылжымалы көлікпен Қазталов жағын түгел аралап шыққан дәрігерлер қараша айының басында Жалпақтал аумағына кірді. «Ақпәтер ауылының 200-дей тұрғынының тісін емдеп үлгердік. Қасымда медбике Әлия Ақатаева бар. 11 жылдық мектебі бар ауылға бір ай тұрамыз, себебі балалар арасында тіс жегісі ауруы көп», - дейді ол.
Жылжымалы медициналық көлікте рентген аппараты және бор машина бар. Дәрігер ілуде бір болмаса тіс жұлумен айналыспайды. Ауыз қуысын тазалау, емдеу және халықты тіс күтімі туралы ақпараттандырумен айналысатын олар жақында аудан орталығына қайтпақшы. «Себебі -20 градус салқындықта жұмыс істей алмаймыз», дейді олар. «Қазталов ауданы облыстан шалғай жатқанымен қоса жоғары білімді тіс дәрігеріне зәру. Аудандық ауруханада ғана кабинет бар. Ал Жалпақтал ауылдық ауруханасында стоматолог жоқ. Осы тұрғыда жылжымалы стоматологиялық медициналық көліктің халыққа көмегі зор. Ауыл тұрғындарының алғысы шексіз», - дейді Л.Сапарова.