«Титаникте» қаза тапқан жолаушының сағаты аукционда 2,3 млн долларға сатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Macy’s әмбебап дүкендер желісінің тең иесі Исидор Штраус әйелі Ида Штрауспен бірге «Титаникте» саяхаттаған. Кеме Атлант мұхитында батып бара жатқан кезде оларды палубада қол ұстасқан күйде көргендер болған, деп хабарлайды DW.
Куәгерлердің айтуынша, 67 жастағы Исидор қайыққа отырудан бас тартқан, өйткені бәріне бірдей жеткілікті орын болмаған. Ал Ида күйеуінің жанында қалуды шешкен.
Олардың оқиғасы Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильміндегі әйгілі көрініске негіз болған: кеме батып жатқанда қарт жұп төсекте құшақтасып жатады.
Штраустың денесі шамамен екі аптадан кейін теңізден табылған, ал Иданың сүйегі сол бойы табылмаған.
Исидор Штраустың алтыннан жасалған қалта сағаты 1912 жылғы 15 сәуірде түнгі 2:20-да тоқтап қалған. Сағаттың сыртында оның аты-жөнінің алғашқы әріптері мен 43 жасқа толған күні жазылған. Бұл туралы британдық Henry Aldridge & Son аукцион үйі хабарлады.
Аукционда Ида Штраустың миссис Бёрбриджге «Титаниктің» фирмалық қағазына жазған хаты да сатылды.
— Тамаша кеме! Өте үлкен әрі керемет жабдықталған. Бөлмелеріміз аса талғампаздықпен безендірілген, ғажайып сәнді — бұл шынымен де нағыз люкс нөмірлер, — деп жазды Ида.
Әйелдің хаты 131 мың долларға сатылды.
2023 жылы Атлант мұхитында «Титаникті» көру барысында кезінде апатқа ұшыраған «Титан» батискафына қатысты оқиға да Штраус әулетімен жанама түрде байланысы бар. Батискафтың жасаушысы Стоктон Раштың жары — Исидор мен Ида Штраустың шөбересі.
Бұдан бұрын Полковник Арчибальда Грейсидің «Титаник» кемесі суға батқанға дейін бірнеше күн бұрын жазған хаты Ұлыбрианиядағы аукционда £300 000 ($400 000) сатылғаны анықталды.