Тыйым салынған діни материалдарды таратқан атыраулық 5 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда интернет желісінде тыйым салынған діни материалдарды таратқан азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2023 жылғы маусымда күдіктінің теріс діни ағымды насихаттап жүргені анықталған.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 39 жастағы атыраулық ер адамның 2022 жылдан бері интернет ресурстарында терроризмді, дәстүрлі емес дінді насихаттайтыны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде күдіктінің ВКонтакте әлеуметтік желісінде діни экстремизм туралы материалдарды ашық жариялап, тыйым салынған діни уағыздағы аудиоларды таратып келген. Қазақстан Республикасының аумағында интернет ресурстарда жариялауға, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни экстремистік баспа материалдарын әлеуметтік желілер арқылы таратқаны дәлелденді. Мұндай баспа материалдарды 2014 жылы Қызылорда қалалық сотының және 2018 жылы Жетісай аудандық сотының шешімімен ел аумағында таратуға тыйым салынған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Аталған деректер бойынша 39 жастағы ер адам өзінің кінәсін толықтай мойындаған. Сот шешімімен оған ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігімен (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын синтетикалық есірткі сатқан 43 жастағы атыраулық 10 жылға сотталғанын жазған едік.