Тіл үйрету орталықтарын мықты оқу-әдістемелік кешендермен қамту керек - ғалым

Шынар Қапантайқызы
Фото: Ш. Қапантайқызының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шынар Қапантайқызы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту қадамдарына қатысты пікір білдірді.

«Әрине, қазақ тілі міндетті түрде түбінде ұлтаралық тілге айналады! Ол күнге жету үшін, ең алдымен еліміздің әрбір азаматы істі өзінен бастауы қажет деп айтуымызға болар еді. Себебі, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуші – ең алдымен қарапайым халық өкілі. Әркімнің өз отбасында, достары мен әріптестерінің арасында өзара қазақша сөйлесуі, қызмет көрсету орындарында қазақ тілін қолдануы, әлеуметтік желілерде қазақ тілінде сауатты контент қалыптастыруға аз да болса үлес қоса бастауы сынды саналы әрекеттері бұл істің маңызды қадамы болады», - деді ғалым.

Ш. Қапантайқызы адам қоғам мүшесі ретінде әлеуметтік ортаның талаптарына бағынатынын атап өтті. Сондықтан, ең алдымен мемлекеттік деңгейдегі қадамдар жасаудың маңызы жоғары. Ресми жиындар қазақ тілінде жүргізіліп, тиісті деңгейінде насихаттау жалғасса, қоғамда қазақ тілінің болашағына деген сенім нығая түседі.

«Елімізде облыстық және қалалық әкімшіліктерге қарасты тіл үйрету орталықтары баршылық. Алайда олардың жұмыс сапасы әртүрлі деңгейде. Оның себебі, орталықтардың жұмысын үйлестіру ісімен шұғылданып келген Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ауысып кетті. Мәдениет министрлігіне қарасты болғандықтан, тіл үйрету орталықтарының оқытушылары сол салаға қатысты қосымша жұмыстарға жиі тартылады. Соған қарамастан, алып отырған жалақылары өте төмен. Мен білетін көптеген білікті оқытушылар мектептерге жұмысқа ауысып кетті. Орталықтар өз деңгейінде жұмыс істеуі үшін олар мықты оқу-әдістемелік кешендермен, ғылыми-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиіс. Курсты аяқтаған тіл үйренушілердің сынақ тапсырып, алған сертификаттарының ресми әлеуетін арттыру керек. Алған сертификаты арқылы қызмет бабында белгілі бір жеңілдіктерге ие болуы және басқа да ынталандыру жолдары қарастырылуы керек», - деді профессор.

Сонымен қатар Шынар Қапантайқызы мектепте және балабақшада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты ұсыныс айтты.

«Қазақ тілінде жұмыс жүргізетін балабақшалар саны көбейіп келеді. Ол жерде тәрбиеленіп отырған балалардың қазақ тілін білу деңгейі әртүрлі. Қазіргі күнде көптілді виртуалды ортада тілі дұрыс дамымай жатқан балалардың саны артып келе жатқаны да – ащы шындық. Сондықтан балабақша тәрбиешілері балалармен тіл табысу үшін амалсыз аралас тілді қолдануға мәжбүр болады. Балабақша жасында, тіпті бастауыш сыныпта бала бір ғана тілді меңгеріп шығуы тиіс. Ағылшын, орыс тілдерін орта сыныптардан бастап қана оқыту қажет. Ал мектеп жайына келер болсақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері ұлттық кодты танытатын ең басты рухани құндылық, өз өмірін жақсартатын ең қажетті өнер ретінде оқытылуы тиіс. Ол үшін, ең әуелі оқу бағдарламасы мен қазақ тілі оқулықтары жөнделуі керек. Қазіргі қолданыстағы жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқу бағдарламасы мен қазақ тілі оқулықтары қазақ тілін дамытуға емес, тежеуге қызмет атқарып отыр. Себебі, бұл бағдарлама көптілді білім беру ұстанымдарына негізделген. Сөздің құрамы мен мағынасын түсінуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілмегендіктен, балалар сауатты жаза алмайды, оқығанын түсініп, ойын жүйелі жеткізіп бере алмайды. Еліміздегі тіл саясаты Мемлекет басшысы атап көрсеткен «қазақ тілін түбінде ұлтаралық тілге айналдыру» идеясын нысанаға ала отырып жүргізілсе, білім беру жүйесі де осы бағытқа бұрылады. Өз кезегінде әрбір маман, әрбір жеке адам да өз ойы мен әрекетін осы ортақ идеяға сәйкес түзей бастайды», - деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар