Тілендиев көшесі ұзартылады: Алматы әкімдігі бұзылатын үйлерге қатысты түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Өжет шағынауданының тұрғындары Тілендиев көшесінің ұзартылуына байланысты үйлерінің сүрілуіне тағы да қарсы шықты. Баспаналы бұзылады дегенді естіген жұрт әкімдіктен жобаны қайта қарауды сұрады.

Тұрғындардың айтуынша, 120-ға жуық жер телімі алынуы мүмкін, ал бұл көптеген отбасының жалғыз баспанасы. Олар әкімдіктің мұндай әрекеттері жеке меншік құқығын бұзу деп есептейді.
Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың 27 маусымда Тілендиев көшесінің ұзартылуының екінші кезеңін іске асыру туралы қаулы қабылданған.
Бұл жоба магистралды Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосуға бағытталған, бұл оңтүстік аймақтардағы көлік жүктемесін азайтуы тиіс. Құжат 120 жер телімін сатып алуды көздейді, ал меншік иелеріне ескерту хаттары жіберіле бастады.
— Қазір жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп алып қою туралы қаулымен таныстыру кезеңі жүріп жатыр. Айта кету керек, ескертулер барлық тұрғынға жіберілген жоқ — процесс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, мүліктің нарықтық құнын бағалау үшін материалдар жиналып, дайындалуда, — деп мәлімдеді басқармадан.
Сондай-ақ, басқарма жер телімдерін сатып алу тәуелсіз бағалау компанияларының сол сәттегі нарықтық құны бойынша жүргізілетінін атап өтті.
Барлық іс-шара заң аясында және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып атқарылады.
Қалалық мобильділік басқармасының мәліметіне сәйкес, Тілендиев көшесін ұзарту Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген және Үкіметпен бекітілген.
Оның аясында Тілендиев көшесі Рысқұлов даңғылынан бастап қала шекарасына дейін 10,8 шақырымға ұзартылмақ. Жұмыс екі кезеңге бөлінген.
— Біріншісі — Рысқұлов даңғылынан Дархан шағын ауданынан Сабатаев көшесіне дейін, ұзындығы — 5,8 км. Жоба бойынша 165 жер учаскесі сатып алынады. Екіншісі — Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін, ұзындығы — 4,9 км. Сатып алынатын жер учаскелерінің саны — 392, — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Әкімдіктен атап өткендей, Тілендиев көшесінің трассировкасын өзгерту мүмкін емес. Себебі батыс жағында жол салуға болмайтын үлкен сай бар. Жолдың қызыл сызықтарының шығысқа қарай жылжуы сатып алынатын жер учаскелерінің одан да көп болуына әкеледі.
Еске салайық, Н.Тілендиев көшесі мен Солтүстік айналма жолы солтүстік бағытта Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартылатыны 2021 жылы белгілі болған.
Кейін Өжет шағын ауданының тұрғындары жалпықалалық маңызы бар Тілендиев көшесінің ұзартылуына наразылық білдірген еді.