Тілсіз жаумен әуеден күрескендер: әскери ұшқыштарға награда берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада орман өрттерінің салдарын жоюға қатысқан әскери ұшқыштар марапатталды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өрт апатымен күресте жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен ерлік көрсеткен Әуе күштерінің әскери қызметшілеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
Мемлекеттік наградалар Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Павлодар өңіріндегі табиғи өрттерді сөндіруге белсенді қатысқан әскери ұшқыштарға берілді. Өртке қарсы іс-шаралар барысында авиация экипаждары жалпы көлемі шамамен 230 тонна болатын суды 115-тен астам рет әуеден төкті.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери ұшқыштарға мінсіз қызметі, табандылығы және әскери борышына адалдығы үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік наградалар — әскери қызметшілердің табиғи апатпен күресте көрсеткен жанқиярлығы, төзімділігі мен жауапкершілігіне берілген лайықты баға.
— Сіздер аса күрделі жағдайда жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен әскери антқа адалдық таныттыңыздар. Ауқымды табиғи өрттерді сөндіру кезінде шешімді әрі үйлесімді әрекет еттіңіздер. Қауіпті сәтке қарамастан, елді мекендерді, адамдардың өмірін және еліміздің табиғи байлығын қорғадыңыздар. Сіздердің шеберліктеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында тілсіз жаудың ауыр зардаптарының алдын алдыңыздар, — деді ол.
Қызметтік міндетін атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен шебер әрекеті үшін Б. Момышұлы атындағы «Айбын» II дәрежелі орденімен 54835 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Айдын Сағиев марапатталды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне авиациялық борттың аға техниктері капитан Сергей Грибанов (54835 әскери бөлімі) және капитан Асхат Ізмағамбетов (19132 әскери бөлімі) лайық деп танылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен Әскери-әуе күштері қолбасшылығы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының аға инспектор-ұшқышы полковник Дәурен Қарақатов марапатталды.
Табиғи өрттердің салдарын жоюға әскери авиацияны тарту — ел тұрғындары мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі.
Жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынылған әскери қызметшілердің барлығы — 1-сыныпты мамандар. Олардың әрқайсысының 1500 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар.
Мемлекеттік наградалар әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығы мен ерлігіне берілген лайықты баға болды. Олардың табанды әрі үйлесімді әрекеттері табиғи өрттердің зардабын азайтып, адамдардың өмірі мен еліміздің табиғи байлығын қорғауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өртін сөндіруге 800-ден астам адам, 204 техника және 8 әуе кемесі жұмылдырылғаны белгілі болды.