ТМД елдерінің Үкімет басшылары Түрікменстан астанасында кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM – 22 мамырда Ашхабад қаласында ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Оған Премьер-министр Олжас Бектенов барады.

ТМД+
Фото: Ақорда

Күн тәртібіне сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп салаларындағы, көлік және цифрландыру бағыттарындағы бірлескен қызметті дамыту, конгресс-көрме қызметі мен радионавигация мәселелері енгізілген.

– Үкімет басшылары кеңесі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін негізгі көлік артерияларын ұштастыру тұжырымдамасын бекітеді деп жоспарланып отыр, – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев апталық брифингте.

Отырыс қорытындылары интеграциялық процестерді тереңдетуге және Достастық мемлекеттері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, тамыз айында Астанада ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді.