ТМРА табиғи монополиялар субъектілері үшін шекті тарифтер енгізуді ұсынады

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған ведомствоның басшысы Мұрат Оспанов мәлім етті.
Агенттік тарифтік саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірлегендігін атап өткен оның айтуынша, бұл шаралар жылу, су шаруашылығы, электр желілері мен жылу көздерін жаңғыртуды қоса алғанда табиғи монополиялар субъектілерін жаңғырту үшін қосымша мүмкіндіктерді қалыптастыруға, сонымен қатар энергия ресурстарының тиімсіз жұмсалуын және шығынын қысқартуға бағытталған.
«Шекті тарифтерді жаппай енгізу ұсынылады. Шекті тарифтер енгізу үшін шекті тарифтер бойынша жұмыс істеуді табиғи монополиялар субъектілеріне заңды деңгейде міндеттеуді бекіту, тарифтердің күрт өсуіне жол бермеу үшін активтердің тозуын есепке ала отырып тарифтерді кезең-кезеңмен өзгерту қажет», - дейді ол.
Агенттік басшысының пайымынша, бұл шара тарифтердің тұрақтылығын, активтерді жаңғыртуға салынатын инвестицияның өсімін, көрсетілетін қызметтердің сапасының артуын қамтамасыз етіп, тозу деңгейін 65-75 пайыздан 2020 жылға қарай 45-55 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.