ТМҰ байқаушылары Құрылтай сайлауын жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылаған Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық миссиясы дауыс беру процесінің ашық өткенін атап өтті. Байқаушылар сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін дауыс беруіне қажетті жағдай жасалғанын және сайлау нәтижесіне ықпал етуі мүмкін елеулі заңбұзушылықтар тіркелмегенін ТМҰ Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы Нуру Гулиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, миссия құрамына ТМҰ Хатшылығының өкілдері және Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерінің Орталық сайлау комиссияларының өкілдері кірді.
– Сайлау күні миссия екі топқа бөлініп, Астанадағы №194 және №228 сайлау учаскелерінің ашылуына қатысты. Осы күндердің барлығында сайлау процесі ұлттық сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Жалпы, миссиямыз дауыс беру барысын бақылау және түрлі бағыттар бойынша байқау жүргізу үшін 32 сайлау учаскесіне барды, – деді Нуру Гулиев.
Миссия басшысы байқау барысында сайлау процесіне қатысты ешқандай заңбұзушылық немесе араласу фактісі анықталмағанын атап өтті.
– Миссия ешқандай заңбұзушылықты, сайлау процесіне араласу жағдайларын анықтаған жоқ. Сонымен қатар азаматтардың өз еркін білдіру бостандығын қамтамасыз ету үшін сайлау күні барлық қажетті әкімшілік шаралар қабылданғанын атап өтеміз, – деді ол.
ТМҰ байқаушылар миссиясы Астанадағы №39 сайлау учаскесінің ашылуына және ондағы дауыстарды санау рәсіміне де қатысты. Оның айтуынша, дауыстарды санау және сайлау нәтижелерін жариялау Қазақстанның ұлттық сайлау заңнамасына сәйкес жүргізілген.
– Миссия сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін қандай да бір елеулі заңбұзушылықтарды анықтаған жоқ. Сондай-ақ сайлау учаскелеріне келген азаматтардың еш кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік берілгенін байқадық. Халықаралық байқаушылар да кез келген сайлау учаскесіне еркін кіріп, байқау жүргізгісі келген жерде еркін қозғала алды. Бұл сайлау процесінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етті, – деді миссия басшысы.
Сонымен қатар спикердің айтуынша, миссия сайлау учаскелерінде рұқсат етілмеген үгіт-насихат жұмыстары немесе үгіт материалдары болмағанын атап өтті. Сондай-ақ сайлау комиссияларының жұмысына немесе сайлаушылардың таңдауына қандай да бір жолмен ықпал ету әрекеттері тіркелмеген.
– Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссия сайлаудың ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес ашық әрі мөлдір өткізілгенін мәлімдейді. Осы орайда бауырлас Қазақстан Республикасының азаматтарын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтаймыз. Сондай-ақ сайлау нәтижелері елдегі тұрақтылық пен өркендеудің жаңа кезеңіне өз үлесін қосады деп үміттенетінімізді тағы да растаймыз, – деп түйіндеді Нуру Гулиев.
Сонымен қатар ШЫҰ байқаушылар миссиясы Құрылтай сайлауын демократиялық әрі ашық өтті деп бағалады.