ТМҰ елдері «ақылды» және «жасыл» қалаларды дамытуға уағдаласты
АСТАНА. KAZINFORM – Құжат қала құрылысы, сәулет, тұрғын үй саясаты және тұрақты қалалық даму салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бакуде UN-Habitat бағдарламасының қолдауымен өткен WUF-13 Дүниежүзілік қалалар форумы аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасында Қала құрылысы, аумақтық жоспарлау және тұрақты қалалық даму саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.
Құжат қала құрылысы, сәулет, тұрғын үй саясаты және тұрақты қалалық даму салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Тараптар қалаларды дамыту ісін цифрландыру, геоақпараттық жүйелерді (GIS), 3D-модельдеу, цифрлық сыңарлар мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, «ақылды» және «жасыл» қалаларды дамыту, сондай-ақ энергия үнемдейтін әрі экологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.
Меморандумға қол қою ТМҰ елдерінің тұрақты қалалық даму саласындағы практикалық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді.
Айта кетелік кейінгі 5 жылда Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) сапалы даму кезеңінен өтіп, өңіраралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналатыны туралы жазған едік.