ТМҰ-ның барлық елінде ішкі куәлікпен саяхаттау қолжетімді болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) кеңістігі үшін елдер арасындағы саяхатты жеңілдету және мәдени ынтымақтастықты жандандыру үшін жаңа бастамалар әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында өзара саяхаттарды айтарлықтай жеңілдету және жаңа мәдени жобаларды іске қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Анкара — түркі әлемінің туризм астанасы» келісіміне қол қою рәсімінде Түркияның биліктегі «Әділет және даму партиясы» (ӘДП) төрағасының орынбасары және түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Кюршад Зорлу «мәлімдеді.
Оның айтуынша, түркітілдес елдердің интеграциясы жаңа практикалық деңгейге өтіп, ең алдымен адами байланыс пен жастар ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
Негізгі бастамалардың бірі ішкі жеке куәліктермен саяхаттау тәжірибесін кеңейту болады. Бұл режим қазірдің өзінде Түркия мен Әзербайжан арасында жұмыс істеп жатыр. Болашақта бұл тәжірибені түркі әлемінің барлық мемлекетіне кеңейту жоспарланған.
Бұдан басқа, ТМҰ елдері үшін бірыңғай мұражай картасы жобасы соңғы кезеңде. Ол туристерге мұражайларға бірыңғай билетпен баруға мүмкіндік беріп, саяхат шығындарын азайтады және ортақ тарихи-мәдени мұра нысандарына қол жеткізуді жеңілдетеді.
Белгілі болғандай, Түркияға жыл сайын түркі мемлекеттерінен шамамен 3,5 млн турист келеді, ал кері бағытта шамамен 1 млн турист саяхаттайды. Өзара туристік ағынды арттыру үшін, соның ішінде әуе компанияларымен бағаны оңтайландыру және бағыт желісін кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты Зорлу президент Режеп Тайип Ердоған ұсынған „Түркия кітабы“ тұжырымдамасы туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл бастама түрік азаматтарының тарихын бауырлас халықтардың тарихымен біріктіреді және „Түркі әлемінің ғасырлары“ стратегиясын көрсетеді.
Бірлескен бастамаларды ілгерілетудің тағы бір алаңы — жақын арада Антальяда өтетін БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-ші конференциясы (COP31) болады. Форум аясында түркі мемлекеттерінің бірлескен экологиялық және аймақтық жобаларға арналған арнайы кездесуі жоспарланған.
Туризм және гуманитарлық бастамаларды қолдау үшін Анкараны дамыту агенттігі тоғыз пилоттық жобаны жүзеге асыруға 5 млн түрік лирасын (шамамен 105 мың АҚШ доллары) бөлді. Жыл соңына дейін Түркия мен түркі әлемінің басқа мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған 30-дан астам академиялық, мәдени және экономикалық бастамаларды қаржыландыру жоспарланған.
Осыған дейін елімізде үш туристік өңірде жаңа әуежай салынып жатқанын хабарладық.
Сондай-ақ Түркістан алғаш рет ең танымал туристік өңірлердің қатарына енгенін жаздық.