«Тобыл» өз алаңында жеңіске жетті

Алғашқы минуттардан-ақ, алаң иелері басымдықты өздерінде ұстады. 11-ші минутта Дидар Жалмұқан өз командасына бұрыштама добын әкелді. Ал Нұрбол Жұмасқалиевтің еншісінде болған допқа Жасұлан Молдақараев бірінші жетті. Оның құлап барып ұрған добы Котляр қорғаған қақпаның алыс бұрышына түсті. Есеп - 1:0. Айта кетейік, бұл - Ж.Молдақараевтың "Ақжайық"қақпасына соққан екінші голы.
Жылдам гол соғып алған соң, Р.Евдокимов шәкірттері қорғанысын мығымдауға көшкендей. Шабуылшыларға дем беріп жүрген Квеквескири мен Мухутдинов өз айып алаңдарына жақын қимылдады. "Ақжайық" сұрмергені Марко Дурович қорғаушылардан сытылып өтіп, соққы жасады. Алайда Непогодов өз орнында. "Тобыл" қақпасының маңындағы қарбаластан кейін Константин Заречный төрешіден пенальти сұрады. Алайда, төреші басқаша шешім қабылдады. Ойыншыға өтірік құлағаны үшін "сары" қағаз көрсетілді.
Тайм ортасына таман алаң иелері есепті еселейтін мүмкіндікті мүлт жіберді. Орта тұстан ұйымдастырылған шабуылға Нұрбол Жұмасқалиев үн қосты. Ника Квеквескириден пас алған ол, Ж.Молдақараевқа доп берді. Қақпаға жақын тұстан аутқа тепкен Жасұлан сан сипап қалды.
Екінші таймда алаңға Алексей Щеткин шықты. Ол А.Луллакуды алмастырды. 50-інші минутта Константин Заречный айып алаңынан тәп-тәуір соққы бағыттады. Бұл жолы да Непогодов қырағылық танытты.
Денис Главинаның жейдесінен тартып құлатқан Дидар Жалмұқан осы маусымдағы екінші ескерту қағазын алды. "Тобыл" қарымта шабуылдарға иек артуда. Мирошниченко мен Жулпа асырған пастар "Ақжайық" қорғаушыларын әбден сарсаңға түсірді. Бірақ, оралдық жігіттер шаршаңқы көрінді.
Матч соңына қарай қостанайлықтар екінші добын соқты. Бұл жолы Самат Жарынбетов "Тобыл" сапындағы бірінші голына көрімдік сұрады. Оған мүмкіндік жасаған - Алексей Щеткин. Іле-шала қанжығасын майлар сәтті Ника Квеквескири пайдалана алмады.
Тоқсан минут те түгесілді. Осылайша, «Тобыл» көптен күткен жеңісіне қол жеткізді.